2025 жылдың қаңтарындағы ҰБТ-ның аралық қорытындысы шығарылды. Алғашқы үш аптадағы сынақта 126 мыңға жуық талапкер тест тапсырған. Олардың ішінде қазақ тілінде тапсырғандар саны артқан, – деп хабарлайды kz.kursiv.media.
Орташа балл
Ғылым және жоғары білім министрлігінің мәліметінше, тестілеу нәтижесі бойынша орташа балл 67-ні құраған. Ең жоғары балл – 138, оны Шымкент қаласының оқушысы жинады. 150 талапкер 130 балдан жоғары балл алған.
Пәндер комбинациясы
Талапкерлердің басым бөлігі, яғни 17,8%-ы «Биология-Химия» пәндер комбинациясын таңдаған. 17,2%-ы «Математика-Физика», 10,4%-ы «Математика-Информатика» комбинациясы бойынша тест тапсырған. Ең аз таңдалған комбинация – «Химия-Физика», оны 149 адам тапсырған.
Тест тілі
Қатысушылардың 78,7%-ы тестті қазақ тілінде, 21,2%-ы орыс тілінде, 62 адам ағылшын тілінде тапсырған. Қазақ тілінің үлесі соңғы бес жылдағы көрсеткіштен жоғары болып отыр. Мәселен, 2020 жылы талапкерлердің 74,5%-ы сынақтан қазақ тілінде өтсе, 2021 бұл 75,5% шамасында болған. 2022 жылы жарты пайыздық өсім тіркеліп, талапкерлердің 76 пайызға жуығы тестті қазақ тілінде тарсырған. 2023, 2024 жылдары бұл көрсеткіш 1 пайызға түсіп, 75%–ды көрсеткен. Биыл бұл бірден 3,7 пайызға артып отыр.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!