Жұма, 17 қазан, 22:15

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№78, 2190
14.10.2025
PDF мұрағаты

Қазақстан бастамасы: Инклюзивті білім беру бойынша әлемдік декларация қабылданды

17.10.2025

38 0

Фото: gov.kz

Бүгін инклюзивті білім беру бойынша алғашқы Дүниежүзілік конгресс (World Inclusion Congress – WIC 2025) өз жұмысын аяқтады, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Естеріңізге сала кетейік, сарапшылар, педагогтер, мемлекеттік және қоғамдық ұйымдардың өкілдері, сондай-ақ технологиялық индустрия көшбасшылары Алматыда бас қосып, балалар үшін сапалы, қауіпсіз және қолжетімді білім беру жүйесін қалыптастыру жолдарын талқылады.

Қазақстанның алаңында ұйымдастырылған бұл әлемдік конгресс инклюзивті білім беру саласында жаһандық диалогтың жаңа кезеңін ашқан маңызды оқиға болды.

Конгрестің бірінші күні «Инклюзивті білім берудегі жаһандық трендтер: сын-қатерлер мен шешімдер» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Мұнда Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова Инклюзивті білім беру жөніндегі Алматы декларациясын талқылауды ұсынды.

Декларацияда инклюзияны білім беру жүйесінің өзегіне айналдыру, цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектті инклюзияны дамытудың тиімді құралы ретінде пайдалану, сапалы білімге тең қолжетімділікті қамтамасыз ету, халықаралық ынтымақтастық пен білім алмасудың тұрақты алаңдарын құру, дамушы елдерге қолдау көрсету және мониторинг пен есеп беру жүйесін енгізу мәселелері қамтылды.

Қатысушылар декларацияны ЮНЕСКО-ға жолдап, оны инклюзивті білім беру саясатын жетілдіру үшін қатысушы мемлекеттерге таратуды ұсынды. Бұл қадам Қазақстанның аймақтық көшбасшы және халықаралық бастамашы ретіндегі мәртебесін бекітті.

«Қолжетімділік. Теңдік. Өрлеу» тақырыбы аясында 23 панельдік сессия ұйымдастырылып, 160-қа жуық тақырып талқыланды. Оған 3 мыңға жуық тыңдаушы қатысты. Сарапшылар ерекше білім беруді қажет ететін балаларға арналған эмоциялық және физикалық тұрғыдан қауіпсіз орта қалыптастыру, аутизм спектріндегі және зияткерлік бұзылыстары бар балаларға кешенді қолдау көрсету, педагогтердің кәсіби дамуын қамтамасыз ету, EdTech пен жасанды интеллектті оқыту процесіне енгізу, жоғары білім мен еңбек нарығына тең қолжетімділікті қамтамасыз ету сияқты маңызды мәселелерді көтерді.

Конгресс аясында өткен Innovation Expo көрмесіне Қазақстан, Ұлыбритания, Қытай, АҚШ, Польша және Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінен 17 компания қатысты. Көрмеде инклюзивті білім беру мен қолжетімді орта қалыптастыруға арналған озық цифрлық шешімдер ұсынылды. Қатысушылар бейімделген оқыту платформалары, интеллектуалды бейнебақылау жүйелері, дербестендірілген оқу құралдары мен EdTech-технологияларды таныстырды.

WIC 2025 нәтижесінде Алматы инклюзивті білім берудің жаһандық хабы ретінде танылды. Алматыда өткен бұл форум Қазақстанның білім беру жүйесін жаңғырту, цифрлық және әлеуметтік инклюзияны дамыту, ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға тең мүмкіндік жасау жолындағы нақты іс-қимылдарының жалғасы болды. Осылайша, Қазақстан сапалы білім теңдігі мен балалардың тұлғалық әлеуетін дамыту ісінде аймақтық көшбасшы әрі жаһандық диалогтың сенімді орталығына айналды.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: