2025 жылдың 10–11 қыркүйегі аралығында Сеул қаласында (Оңтүстік Корея) 26-шы Дүниежүзілік білім форумы (World Knowledge Forum) өтті. Қазақстан делегациясын ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек бастап барды.
Форум аясында Кореяның жетекші университеттері мен ғылыми орталықтарында бірқатар маңызды кездесулер өтті.
ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Корея Республикасының Білім министрінің міндетін атқарушы Чхве Ын-ок ханыммен, сондай-ақ Корея Республикасының Ғылым және АКТ министрі Кёнхун Бэ мырзамен кездесті. Бұл келіссөздерде екі ел арасындағы білім беру және ғылыми байланыстарды дамыту мәселелері қарастырылып, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті мен Сеул ұлттық ғылым және технологиялар университеті (SeoulTech) арасындағы серіктестікті кеңейту жайы да терең талқыланды.
Сонымен қатар, SeoulTech университетінің президенті Дон Хван Ким бастаған университет басшылығымен кездесу барысында ортақ жобамыздың бүгінгі нәтижелері мен болашағы ортаға салынды.
Қазіргі уақытта Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің Жасанды интеллект институтының алты студенті SeoulTech университетінде бірлескен бағдарлама аясында білім алып жатыр. Іс-сапар барысында біздің студенттердің тыныс-тіршілігімен танысып, оларға қолдау көрсетіліп, алдағы жетістіктеріне сенім мен жігер бердік.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!