Бейсенбі, 06 қараша, 12:57

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№84, 2196
04.11.2025
PDF мұрағаты

Қазақстан ЖОО-лары әлемдік ТОП-та: сапа мен беделдің құпиясы неде?

06.11.2025

75 0

Фото: BAQ.KZ коллажы

Соңғы жылдары қазақстандық жоғары оқу орындары халықаралық рейтингтерде жиі атала бастады. Бұл елдің білім беру жүйесінің сапасы артып, қазақстандық университеттердің әлемдік ғылыми және академиялық кеңістікке белсенді кірісе бастағанының көрінісі. Осы тұрғыда сала мамандары отандық оқу орындарының білім сапасы мен деңгейін қалай бағалайды? Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі сұрап білді.

ҚР Президенті жанындағы Ұлттық ғылым академиясы Ғылым орталығының директоры Қуантар Әлихановтың айтуынша, бүгінде қазақстандық университеттердің халықаралық рейтингтердегі саны жыл сайын артып келеді.

Қазіргі таңда әлемдік рейтингтерде қазақстандық университеттердің жыл сайын саны өсіп, алдыңғы орындарға шығып отыр. Мәселен, 2026 жылға қарай қазақстандық 20 оқу орны QS рейтингіне кірді. Оның ішінде әл-Фараби атындағы ҚазҰУ 163-орынға көтерілді. Ал Times Higher Education рейтингіне қазақстандық бес университет кірді. Оның ішінде Nazarbayev University әлемдегі үздік 500 университеттің қатарына кірді. Бұл еліміз үшін тарихи нәтиже. Осындай нәтижелер арқылы Қазақстан Орта Азиядағы білім хабына айналады, – дейді ол.

Халықаралық рейтингтер қалай жасалады?

Жоғары білім және ғылым министрлігінің Қоғаммен байланыс департаментінің директоры Арман Жүнісовтің айтуынша, халықаралық рейтингтерді дайындайтын ұйымдар жоғары оқу орындарын бағалауда түрлі көрсеткіштерге сүйенеді. Ең беделді екі рейтинг – Times Higher Education (THE) және Quacquarelli Symonds (QS).

Times Higher Education рейтингі университеттерді бес негізгі бағыт бойынша бағалайды:

• оқу-тәжірибе (teaching) – білім беру сапасы мен оқытушылардың кәсіби деңгейі;
• зерттеу ортасы (research environment) – зерттеу белсенділігі мен ғылыми инфрақұрылымның дамуы;
• зерттеу сапасы (research quality) – ғылыми мақалалар мен жарияланымдардың сапасы;
• халықаралық байланыс (international outlook) – шетелдік оқытушылар мен студенттердің үлесі, халықаралық жобалар;
• өнеркәсіппен байланыс (industry income) – бизнес және өндіріс салаларымен әріптестік.

Ал Quacquarelli Symonds рейтингі келесі критерийлерге негізделеді:

• академиялық бедел мен оқыту сапасы;
• түлектердің жұмысқа орналасуы;
• зерттеу жарияланымдары мен дәйексөздер саны;
• халықаралық оқытушылар мен студенттердің үлесі және өзге де көрсеткіштер.

Университеттер өздері туралы мәліметтерді ұсынады немесе рейтингтік агенттіктер ашық дереккөздерден ақпарат жинайды. Әрбір көрсеткішке белгілі бір салмақ (weight) беріледі: мысалы, зерттеу сапасы – 30%, халықаралық ынтымақтастық – 10% болуы мүмкін. Барлық көрсеткіштер салыстырылып, нәтижесінде әр университеттің жалпы баллы есептеледі, – дейді Арман Жүнісов.

Алайда маманның айтуынша, әр рейтингтің методологиясы әртүрлі болғандықтан, бір университет QS-де жоғары орында тұрса, THE-де төменірек болуы мүмкін. Кей критерийлер субъективті сипатта болады, мысалы, беделге негізделген сауалнамалар. Сонымен қатар, зерттеу базаларына қолжетімділік деңгейі де ел мен салаға қарай өзгереді, бұл да рейтинг нәтижесіне әсер етуі ықтимал.

Халықаралық рейтингке ену нені білдіреді?

Арман Жүнісовтің пікірінше, қазақстандық университеттердің халықаралық рейтингтерге енуі бірнеше тұрғыдан маңызды.

Біріншіден, халықаралық мойындалу мен бедел. Университет рейтингке енгенде, ол әлемдік жоғары білім кеңістігінде танымал болады. Бұл студенттер мен оқытушылар үшін, сондай-ақ халықаралық серіктестер үшін сенімді белгіге айналады, – деді ол.

Оның айтуынша, жоғары білім сапасының көрсеткіші. Рейтингтерде қолданылатын өлшемдер – білім беру сапасы, ғылыми зерттеулердің тиімділігі, түлектердің жұмысқа орналасу мүмкіндігі және халықаралық ынтымақтастық деңгейі. Сондықтан рейтингке ену оқу орнындағы процестердің әлемдік стандарттарға жақындай бастағанын білдіреді.

Халықаралық серіктестік пен академиялық ұтқырлық. Университет беделінің өсуі шетелдік студенттер мен профессорларды тартуға, халықаралық жобалар мен академиялық алмасуларды дамытуға мүмкіндік береді. Инвестициялық тартымдылық пен мемлекеттік қолдау. Рейтингке ену арқылы университет қаржыландыру мен гранттарды тарту мүмкіндігін арттырады. Бұл мемлекет үшін де маңызды, себебі жоғары оқу орнының халықаралық деңгейде көрінуі елдің ғылыми әлеуетін көрсетеді, – деді маман.

Жүнісовтің сөзінше, ішкі мотивация мен көшбасшылық белгісі. Университет үшін рейтингке ену – өзін-өзі жетілдірудің, ал жұмыс берушілер үшін түлектердің сапасының индикаторы.

Times Higher Education 2025 пәндік рейтингі: қазақстандық ЖОО жетістігі

Times Higher Education World University Rankings by Subject 2025 нәтижелеріне сәйкес, әлемнің мыңдаған жетекші университеттері 11 пәндік бағыт бойынша бағаланған. Биыл Қазақстан атынан төрт жоғары оқу орны қатысып, тоғыз бағыт бойынша үздіктер қатарына енді.

Бұл тізімде:

• Nazarbayev University (NU),
• әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті (ҚазҰУ),
• Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті (ЕҰУ),
• Сәтбаев университеті (Satbayev University) бар.

Бұл нәтижелер қазақстандық жоғары оқу орындарының халықаралық мойындалуының артып келе жатқанын дәлелдейді. Еліміздің университеттері ғылым мен білім беру саласында өз орнын нығайтып, негізгі пәндік бағыттар бойынша қатысуын кеңейтіп келеді.

Айрықша жетістікке жеткен Nazarbayev University бүгінде аймақтың жетекші білім және ғылым орталықтарының біріне айналды. Бұл – Қазақстанның жоғары білім сапасының жаңа деңгейге көтерілгенін көрсететін нақты мысал.

Қазақстандық жоғары оқу орындарының халықаралық рейтингтерде жиі аталуы елдің білім беру жүйесі реформаларының нәтижесі. Бағалау әдістемесі қаншалықты күрделі болса да, рейтингке ену – сапаның, ғылыми әлеуеттің және халықаралық ашықтықтың көрсеткіші.

Мұндай жетістіктер арқылы Қазақстан жоғары білім мен ғылым саласында Орталық Азиядағы жетекші білім хабына айналуға нақты қадам жасап келеді.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: