Қазақстанда колледждердің қаржылық дербестігі қаржыландыру көздерін әртараптандыру есебінен кеңейтіліп жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігі Техникалық және кәсіптік білім департаментінің директоры Әсет Мұханбетов мәлімдеді.
Президент жариялаған Жұмысшы мамандықтар жылы аясында техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін жаңғырту, сондай-ақ қазіргі еңбек нарығының сұранысына сәйкес білікті кадрларды даярлау сапасын арттыру мақсатында министрлік бірқатар іс-шараларды жүзеге асырып келеді.
Айтуынша, қазіргі уақытта 30 колледж корпоративтік басқару жүйесіне көшкен.
Бұл ТжКБ ұйымдарының бизнес-процестерінің тиімділігі мен ашықтығын арттыратын тиімді тәсіл. Қаржыландыру көздерін әртараптандыру арқылы колледждердің қаржылық дербестігін кеңейтіп, нәтижелілігін ынталандыруға бағытталған шаралар кешені іске асуда. 2025-2026 оқу жылында бір студентке бөлінетін қаржыландыру көлемі 437 мың теңгеден орта есеппен 912 мың теңгеге дейін арттырылды. Жан басына шаққандағы қаржыландырудың диференциалды жаңа әдістемесі жасалды, онда колледждерді төрт лигаға бөлуге байланысты ынталандырушы үстемелер қарастырылған, – деп атап өтті ведомство өкілі Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз мәслихатында.
Сонымен қатар ол бағалау арнайы ақпараттық жүйеде автоматты түрде ашықтық қамтамасыз етіле отырып жүргізілетінін алға тартты.
Жүйені сапалы жаңғырту кадрларық әлеуетті арттырусыз мүмкін емес. «Білім берудегі өзгерістердің 1000 көшбасшысы» жобасы аясында 50 директор оқытудан өтіп, кәсіптік және техникалық білім беру ұйымдарының жаңа буын басшыларының пулы қалыптастырылды, – деді Әсет Мұханбетов.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!