4 қазанда Ұлттық қоғамдық сенім орталығында өткен брифингте мектеп асханаларында фастфуд пен тәтті сусындарды сатқаны үшін бизнестің қандай жауапкершілікке тартылатыны белгілі болды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Денсаулық сақтау министрлігінің Санитарлық-эпидемиялық бақылау комитетінің орынбасары Нұрқан Садвақасов «Халықтың санитарлық-эпидемиологиялық әл-ауқаты саласындағы заңнамалық талаптардың бұзылуы» туралы Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің бабына сәйкес салынатын санкциялар туралы айтып берді
• Егер жеке тұлға болса – 30 АЕК (айлық есептік көрсеткіш) 117 960 теңге)
• шағын және орта бизнес – 230 АЕК (904 360 теңге)
• ірі бизнес – 1600 АЕК (6,2 миллион теңгеден астам).
Айыппұлдар кәсіпкерлерге қатысты қолданылады.
«Егер арыз түссе, тиісті тексеру жүргізіледі. Тексеру барысында бұзушылық анықталса, міндетті түрде әкімшілік іс қозғалып, хаттама жасалып, тиісті шешім шығарылады», – деді Нұрқан Садвақасов.Комитеттің Тағам объектілерін, білім және тәрбие ұйымдарын бақылау басқармасының басшысы Гүлшара Қожатаева да пікір білдірді.
«Хот-дог, гамбургер, пицца, түрлі чипсы… Бұлардың бәрі зиянды тағамдар. Олардың сатылуына бұрыннан тыйым салынған. Бұл кәсіпкерлердің жауапкершілігі. Оның үстіне, олар бұл талаптарды біледі. Жаңа ереже енгізілген жоқ», – деді ол.
Сондай-ақ егер сот жеткізушінің адал емес екенін анықтаса, мектеп онымен келісімшартты бұза алады. Жеткізушінің адал еместігі туралы сот шешімінен кейін бұл ақпарат оқу-ағарту министрлігінің сайтында жарияланады.
Еске салайық, бұған дейін денсаулық сақтау министрлігі мектептердегі түскі асты толық жаңартып жатқанын жазған едік. Енді газдалған тәттілердің орнына итмұрын шырыны, майлы соустардың орнына жеңіл қаймақ беріледі. Мектеп мәзірінде жылқы еті, сиыр еті, көкөніс салаттары, йогурттар, тіпті дәстүрлі жент сияқты тағамдар болады. Қант пен тұз азайтылады, майы аз сүт қолданылады. Барлығы балалардың семіздік пен ауру қаупін азайту үшін. Мәзір сапасын ата-аналар бақылай алады, арнайы онлайн ресурс та бар.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!