Елімізде Орталық Азиядағы әлемге әйгілі америкалық кино мектебінің алғашқы филиалы – New York Film Academy Kazakhstan салтанатты түрде ашылды. Жаңа кампус Energo University мен Dala Edge креативті паркі базасында Қаскелеңде құрылды. kursiv.media
Іс-шараға New York Film Academy президенті және бас атқарушы директоры Майкл Янг, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев, АҚШ-тың ресми өкілдері, сондай-ақ кино және медиа индустриясының қайраткерлері қатысты.
Ашылу рәсімінің атмосферасы кинематографиялық стильде ұйымдастырылды: қонақтарды ерекше «дубль түсіру» қойылымы қарсы алды. Салтанат барысында студенттер өнер көрсетіп, АҚШ-тың Алматыдағы Бас консулы Мишель Еркин жаңа оқу орнының мәдени және шығармашылық мәнін атап өтті. Қонақтарға кампустың инфрақұрылымы – кітапхана, дәріс залдары, дыбыс жазу және монтаждау студиялары, сондай-ақ Dala Edge креативті паркі көрсетілді.
Студенттер мен қатысушылар үшін халықаралық мамандардың шеберлік сабақтары өткізілді: NYFA режиссері әрі оқытушысы Роб Пьетри, актер және импровизация шебері Марк Мочаби, AR және ойын технологиялары саласының маманы Кевин Кейтон, продюсер әрі режиссер Майкл Хсюэ, клипмейкер және кинорежиссер Ладо Кватания, қазақстандық кинопродюсер Қуаныш Бейсек, Голливуд сценарисі Гүлжан Токтогұл, режиссер және Unreal Engine маманы Болат Ақназаров, визуалды эффектілер бойынша сарапшы Денис Вежновец, сценаристер Санат Шапашов пен Сергей Литовченко, сондай-ақ NYFA актері әрі оқытушысы Тодд Бруно дәріс оқыды.
«Біз New York Film Academy-дің Қазақстанда ашылғанына мақтан етеміз. Бұл жай ғана білім беру жобасы емес, аймақ таланттарын біріктіріп, оларды әлемдік кино индустриясына алып шығатын алаң», – деді NYFA президенті Майкл Янг.
New York Film Academy Kazakhstan кино, медиа және креативті индустрия саласында білікті мамандарды даярлайтын ірі білім ордасына айналып, аймақ пен елдің өркендеуіне зор ықпал етеді деп сенемін.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!