2025 жылғы 24 қараша мен 5 желтоқсан аралығында Қазақстанда Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы (ЭЫДҰ) жүргізетін мектептерге арналған халықаралық PISA-2025 зерттеуі өтуде. Бұл туралы Білім беру саласында сапаны қамтамасыз ету комитеті мәлім етті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Зерттеуге еліміз бойынша 1 мыңға жуық мектептен 15 жастағы 40 мыңнан астам оқушы қатысады. Бағалау оқу, математика және жаратылыстану бағыттары бойынша функционалдық сауаттылықты анықтауға бағытталған.
Комитет төрағасы Серік Әшіровтың айтуынша, мектептерге арналған PISA жыл сайын өткізіледі және дәстүрлі PISA-дан айырмашылығы – әрбір білім беру ұйымы үшін сыртқы бағалау нәтижелері жеке есеп түрінде ұсынылады.
Бұл мектеп басшылығына оқу орнының күшті және әлсіз жақтарын анықтап, білім беру процесін жетілдіруге нақты шаралар қабылдауға мүмкіндік береді, – деді Әшіров.
Зерттеуді Қазақстанда үйлестіру А.Байтұрсынұлы атындағы ұлттық зерттеулер және білімді бағалау орталығына жүктелген. 2021-2024 жылдары бұл бағдарламаға елдің 3 мыңнан астам білім беру ұйымы қатысқан.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
