Қазақстан оқушыларының робототехникадан Ұлттық құрамасы Панама-Ситиде өткен FIRST Global Challenge (FGC) 2025 Бүкіләлемдік Олимпиадасында биыл қатарынан төртінші жыл айрықша жеңіске жетіп, тағы да тарихи жетістікке қол жеткізді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігі мәлімдеді.
Әлемнің 190 елінен келген командалардың ішінен біздің оқушылар бірінші орынды иеленіп қана қоймай, бірден екі жоғары марапатты жеңіп алды:
- GRAND CHALLENGE AWARD (алтын) – роботтардың біліктілік ойындарында рекорд орнатқан абсолютті чемпиондарға берілетін турнирдің бас жүлдесі.
- ALBERT EINSTEIN AWARD (алтын) – Үздік инженерлік әзірлемелері, техникалық шеберліктері мен командалық жұмыс және көшбасшылық жетістіктері үшін берілетін Жоғарғы төрешілік марапат. Бұл марапатта кешенді артықшылық пен инновация ескеріледі.
Еліміздің құрамасын NIS Алматы-Медеу мектебінің 9-10 сынып оқушылары Рашат Досымжан, Дәулет Ілияс, Орынбасаров Алихан, Әсетұлы Мадиар және Тұрсымбаев Нұрасыл таныстырды. Жаттықтырушылары – Нұрдәулет Досмағамбет, Асылбек Мұрзахметов және Дулат Байтуленов.
Бүкіләлемдік чемпионатта қатарынан төрт рет жеңіске жету (Женева-2022, Сингапур-2023, Грекия-2024, Панама-2025) Қазақстанды халықаралық STEM-білім беру аренасындағы абсолютті әлемдік көшбасшыға айналдырады.
Біздің балаларымыз жеңісті төртінші рет қатарынан жеңіске жетті. Бұл ретте, команданың құрамы бірде-бір рет қайталанбағанын атап өткен жөн – жыл сайын ел намысын қорғау үшін жаңа қатысушыларды дайындаймыз, – деп бөлісті USTEM Foundation Қоғамдық қорының жетекшісі Асылбек Мұрзахметов.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!