Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінің студенттері Қытайдың Тяньцзинь қаласында өткен World Vocational College Skills Competition 2025 халықаралық жарысында қола медаль иеленді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
World Vocational College Skills – техникалық мамандарды даярлау бағытындағы ең ірі халықаралық чемпионаттардың бірі. Биыл жарысқа 76 елден 33 мыңнан астам қатысушы және 8 956 команда қатысты.
Қазақстан атынан сынға түскен «Лу Бань» шеберханасының студенттері «Электромобильдер» құзыреттілігі бойынша үздік нәтиже көрсетіп, финалда үшінші орынға ие болды.
Бұл жетістік – елдегі техникалық білім беру сапасының артып келе жатқанын, халықаралық серіктестік пен технологиялар трансферінің тиімді іске асырылып жатқанын дәлелдейді.
Қазақстандағы «Лу Бань» шеберханасы ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі мен Тяньцзинь кәсіптік институтының қолдауымен ашылған. Мұндай серіктестік шеңберіндегі шеберханалар мен оқу бағдарламалары бәсекеге қабілетті инженер мамандарды даярлауға мүмкіндік береді және жастардың жаһандық кәсіби алаңда танылуына жол ашады.
Қазақстандық студенттердің жеңісі – елдің техникалық білім беру жүйесінің әлеуетін және халықаралық білім кеңістігіне табысты интеграцияланып жатқанын айқындайтын маңызды көрсеткіш.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
