Ұлттық тестілеу орталығының директоры Болатбек Абдрасилов Нидерландтың Гаага қаласында өткен білім берудегі бағалаудың Еуропалық қауымдастығының (AEA-Europe) 26-шы халықаралық конференциясына қатысты, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Ұлттық тестілеу орталығының мәліметінше, «Бағалаудың дамуы және оның білім беруге ықпалы» тақырыбында өткен конференцияға 43 елден 400-ден астам жетекші сарапшы мен ғалым жиналды.
Шара барысында Болатбек Абдрасилов Қазақстандағы білім сапасын бағалау жүйесінің дамуы, Ұлттық тестілеу орталығының қызметі мен психометрика саласындағы ғылыми зерттеулер туралы баяндама жасады. Сондай-ақ ҰБТ тапсырмаларының сенімділігі мен валидтілігін арттыруға бағытталған ғылыми тәсілдер таныстырылды.
Баяндаманың маңызды бөлігі Educational Testing Service (ETS) компаниясымен бірлескен халықаралық әріптестікке арналды. Еске салсақ, жуырда ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі мен ETS өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойған болатын. Құжат аясында алдағы үш жылда ҰБТ тестілерін жетілдіру және оларды халықаралық стандарттарға сәйкестендіру жұмыстары жүргізіледі, – делінген ҰТО хабарламасында.
Конференцияда қазақстандық тәжірибе жоғары бағаланып, Cito, AQA секілді жетекші бағалау ұйымдарымен ғылыми ынтымақтастық орнату мәселелері талқыланды.
ҰТО директорының айтуынша, халықаралық деңгейде ҰБТ-ның жаңа форматтағы ғылыми нәтижелерін таныстыру бұл жүйенің заманауи әрі технологиялық бағалау құралы ретінде танылуына ықпал етеді.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
