Жексенбі, 30 наурыз, 21:36

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№22,2135
29.03.2025
PDF мұрағаты

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде экоклуб құрылды

27.03.2025

235 0

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде «Таза Қазақстан» экологиялық мәдениетті дамыту жобасы аясында «Eco life» студенттік экологиялық клубы ашылды.


Жиынға Әлеуметтік және тәрбие жұмыстар проректоры Жандос Базартай қатысып, оқу орнында ашылған жиырма екінші студенттік ұйым жұмысына сәттілік тіледі. Экоклубқа 100 студент қабылданып, оларға алдағы міндет-жоспарлар таныстырылды.
Ашылу рәсімі 22 наурыз – Дүниежүзілік су күні мен 26 наурыз – Арал теңізі күніне орай ұйымдастырылды. Осы ретте, клуб жетекшісі, «Электр энергетикасы, техносфералық қауіпсіздік және экология» білім беру бағдарламасының аға оқытушысы Светлана Кужамбердиева клубқа қабылданушы студенттерге су экологиясы мен ресурстарын тиімді басқарудың маңыздылығын айтты.


«Су – тіршіліктің көзі. Экологиялық клубты дәл осы күні ашуымыздың басты мақсаты – білім алушыларға судың экологиялық жүйенің негізі болып табылатынын түсіндіру. Адамдардың іс-әрекеті салдарынан өңіріміздегі Арал теңізінің экосистемаларға қалай әсер еткені – соның айқын мысалы. Қазіргі кезде Аралды құтқару бағытында жоспарлы түрде ғылыми негізде жұмыстар жүргізілуде. Әлем назарындағы Арал теңізін сақтап қалу үшін жастарды экологиялық мәселелерді шешуде ғылыми зерттеулер жүргізуге, жалпы қоршаған ортаны қорғауға баулу басты міндетіміз»,-деді Светлана Кужамбердиева.


Экоклубтың мақсаты – студенттердің қоршаған ортаға деген саналы көзқарасын қалыптастыру, экологиялық мәдениетті дамыту, табиғатты қорғауға белсенді қатысу, университетте және одан тыс жерлерде экологиялық мәселелерді шешу, сонымен қатар тұрақты даму ұстанымдары мен экологиялық таза технологияларды насихаттау.
««Eco life» клубы құрамында болу маған экологиялық мәселелерге қатысты түсінігімді тереңдетуге мүмкіндік береді. Әрбір адам өз іс-әрекетімен табиғаттың тепе-теңдігін бұзбай, айналамызға деген жауапкершіліктің маңыздылығын түсінуі керек. Клубта өзім сияқты көптеген жастар табиғатты қорғау үшін не істей алатынын талқылап, өзара пікір алмасуға мүмкіндіктері бар. Алдағы уақытта экологиялық мәселерді шешуде ғылыми жобалар мен зерттеулер жүргізіп, өз үлесімді қосамын деген сенімдемін. Және барлық жастарды белсенді болуға шақырамын!», – деді клуб мүшесі Жібек Ақнұрова.
Айта кетейік, экоклуб мүшелерінің зерттеу жұмыстарын жүргізіп, іс-шаралар ұйымдастыруына қолайлы орта қалыптастыру негізінде қайта жаңғыртудан өткен дәрісхана пайдалануға берілді. Сонымен қатар, қалдықтарды қайта өңдеу, су мен энергияны үнемдеу, табиғат ресурстарын сақтауға бағытталған көрме қойылды. Жаңа студенттік ұйымға экологиялық мәдениетті қалыптастыруға үлес қосамын деген университеттің студенттері мүшелікке қабылданады. Осы арқылы экологиялық мәдениетті дамытуға, студенттердің бастамаларын қолдауға бағытталған қадам болмақ.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: