Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде Қызылорда облысының прокуроры Ризабек Ожаров білім алушылармен кездесу өткізді.
Шараның негізгі мақсаты – қоғамдағы құқықтық мәдениетті арттыру, жастардың заңға деген көзқарасын қалыптастыру және құқықтық сауаттылықты жетілдіру.
Кездесуді университеттің Басқарма Төрағасы – Ректор Бейбіткүл Каримова ашып, оның маңыздылығына тоқталды. Ол өз сөзінде құқық қорғау органдары мен университет арасындағы тығыз байланыстың маңызын атап өтті. Сонымен қатар, жастардың құқықтық білімін арттыруда мұндай кездесулердің тиімді екенін айтып, университет тарапынан білім алушылардың құқық саласындағы кәсіби дамуына бағытталған бастамалар әрдайым қолдау табатынын жеткізді.
Жиынға университеттің студенттері мен «Экономика және құқық» институтының оқытушылары қатысты. Бүгінде аталған институттың «Құқықтану» білім беру бағдарламасында 414 студент білім алуда. Олар азаматтық, әкімшілік және қылмыстық құқық салалары бойынша білім алып, «Студенттік заң клиникасы» мен «Жас заңгерлер» ғылыми-шығармашылық үйірмесі аясында теориялық білімдерін тәжірибемен ұштастырып келеді.
Кездесу барысында Ризабек Кәрімұлы студенттермен өзінің қызметтік жолындағы тәжірибесімен бөлісіп, құқық қорғау саласының ерекшеліктері мен талаптары жайлы кеңінен әңгімеледі. Сондай-ақ, жастарға заң алдындағы жауапкершілікті сезініп, әділетті қоғам құруда белсенді болуға шақырды.
Кездесу соңында оқытушылар мен студенттер өздерін толғандырған түрлі мәселелер бойынша сұрақтар қойып, прокурормен еркін форматта пікір алмасты.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!