Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде 7М01 – «Педагогикалық ғылымдар» бағыты бойынша магистранттардың республикалық олимпиадасы өтті. Білім бәйгесіне еліміздегі ЖОО-лардан 14 команда қатысты.
Олимпиадада қатысушылар 4 кезең бойынша сынға түсті. Магистранттар алдымен «Менің кәсібім – педагог» кезеңінде өз топтарын таныстырды. Ал, «Заманауи педагогикалық білім: жаңа тәсілдер мен өзекті зерттеулер» кезеңінде ғылыми жұмыстарының мақсаты мен алғашқы нәтижелерін баяндады. Мұнан кейін «Ғылыми-педагогикалық зерттеу – жаңа педагогикалық білімді қалыптастыру процесі» тақырыбында эссе жазып, «Педагогика эрудиті» блиц-турнирінде мамандыққа байланысты сұрақтарға жауап берді.
Шара барысында қатысушылар педагогика саласы бойынша тың зерттеулерін ортаға салды.
«Олимпиадаға қатысу арқылы мол тәжірибе жинақтап, оқыту процесіне қажетті жаңа әдістер үйрендім. Біз жарысқа «Ересек топтағы балаларға профориентациялық бағдарламаны «Edutainment» технологиясы арқылы жүргізу» атты ғылыми зерттеуімізді алып келдік. Бұл жоба бойынша әдіснамалық кітапша да шығардық. Топтағы 4 магистрант та «Мектепке дейінгі оқыту және тәрбиелеу» мамандығында білім алады. Алдағы уақытта ғылыми зерттеу аясын кеңейтіп, мақала жазып, докторантураға түсу ойда бар», – деді Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің магистранты Айшолпан Әбішова.
Байқауда І орынды Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті, ІІ орынды Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университеті мен Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университеті, ІІІ орынды Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті мен Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің магистранттары иеленді.
Айта кету керек, өткен жылы республикалық олимпиадада Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің білім алушылары І орын иеленген болатын. Сондықтан олимпиада талабына сәйкес, байқау биыл Сыр елінде ұйымдастырылды.
Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің
медиа орталығы
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!