Ерекше жағдайды қажет ететін жандар үшін NIS-те білім алу кедергі емес. Мұны қызылордалық Дидар Ережепов дәлелдеді. Церебральды сал ауруына шалдыққан жас жігіт биыл Зияткерлік мектепті бітіріп, Назарбаев университетінің студенттер қатарына қабылданып отыр. Кеше Дидар сыныптастарымен бірге салтанатты түрде мектеп бітіру туралы аттестаттарын қолдарына алды.
«Болашақта жасанды интеллектіні зерттеп, елімізде IT саласын дамытқым келеді», – деп жоспарларымен бөліскен Дидар мұғалімдер мен мектеп ұжымына алғысын білдірді.
Биыл Сыр бойындағы Зияткерлік мектептен 109 түлек түлеп ұшты. Олардың әрқайсысы болашақта қажетті ілім мен дағдыларды игергендіктерін айтады. Сонымен қатар, сыртқы жиынтық бағалау қорытындысы бойынша мектептің 3 шәкірті Жангерей Зинелов, Дильназ Болатбекқызы және Данагүл Келдібай «Алтын белгілерін» растап, 10 оқушы ерекше үлгідегі Аттестатқа қол жеткізді. Ал 11 жас зияткер емтиханда барлық пәндер бойынша А* және А ең жоғары бағаларын алып, мектеп абыройын асқақтатты.
«Барлық түлектерді жетістіктерімен құттықтаймыз. Бүгінгі табысты еңбектеріңіз алдағы уақытта қалаған оқу орындарына түсуге мүмкіндік береді деп ойлаймын. Білімді, білікті, әлемді таңғалдыратын мықты маман атанып, елімізді дамытуға ат салысады деп сенемін. Осы жолда қажымас қайрат пен сарқылмас күш тілейміз», – деді өз сөзінде мектеп директоры Бақыт Жұматай.
Қазірдің өзінде түлектер әлемнің беделді жоғары оқу орындарына алғашқы шақыруларын алуда. Бес дарынды жас Венгрияға, екеуі – Италияға, біреуі – Гонконгқа , тағы үшеуі – Ресейге қабылданды. Дегенмен NIS түлектерінің қалаған жоғары оқу орындары рейтингісінде Назарбаев Университеті жетекші орынға ие. Бұл күндері аталмыш ЖОО-на 10 түлек түсіп, тағы 40 мектеп бітіруші қабылдау комиссиясынан жауап күтуде.
«Бұл біз үшін ерекше күн. Осы күнге жеткізген барлық мұғалімдер мен ата-аналарға үлкен алғысымды айтамын. Болашақта оқуымды НУ-да жалғастыруды жоспарлап отырмын», – деді «Алтын белгі» иегері Дильназ Болатбекқызы.
«Қазіргі сезімімді сипаттасам – ол қуаныш пен қорқыныш арасында. Себебі үлкен өмірге қадам басып жатқаныма қорқамын. Алайды осы білім ордасын үздік бітіргеніме қуанамын. Мектепте мен үздік білім мен тәрбие алдым, көптеген нәрсені үйрендім. Соның арқасында Будапешт қаласындағы университетке шақырту алдым. Әлі де менің болашаққа қойған мақсаттарым көп. Оның бірі қалаған мамандық иесі атанып, шетелдік тәжірибені елімізде бөлісу», – дейді 2022 жылғы түлек Данагүл Келдібай.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!