Дүйсенбі, 25 қараша, 08:34

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№93 – 2103
23.11.2024
PDF мұрағаты

Қызылордалық зияткерлер халықаралық байқауда жобаларын таныстырды

10.06.2022

798 0

Ақтау қаласындағы Зияткерлік мектепте «Caspian Startup-2022» халықаралық байқауы өз мәресіне жетті. Дәстүрлі сайысқа Қазақстан, Әзірбайжан, Өзбекстан, Түркменстаннан 120-дан астам жоба келіп түсті. Қатысушылар «Болашақтың мектебі», «Әлеуметтік мәселелерді шешу», «Туризм» номинациялары бойынша табысты өмір сүруді қамтамасыз ететін IT-стартаптарын ұсынды.

– Жыл сайын жобалардың саны артып келеді, олардың атаулары авторлардың азаматтық ұстанымы мен жаһандық жауапкершілігін растайды, сондықтан біз «Caspian Startup-2022» байқауын әлеуметтік тақырыпқа арнадық, – деп атап өтті Ақтаудағы Зияткерлік мектеп директоры Әсел Бейсембинова.

Алғаш рет «Caspian Startup-2022» байқауымен қатар Зияткерлік мектептер мен Халықаралық IT-стартаптар технопаркі ұйымдастырған жаңа жобаның қатысушыларын біріктіретін «Demo Day» шарасы өтті. Үш ай бойы NIS оқушылары Astana HUB-та онлайн оқудан өтіп, тәлімгерлермен бірлесіп өз жобаларын әзірледі. Сонымен қатар тың идея авторлары өз жұмыстарын Ақтау қаласында таныстырды.

Demo Day алаңында қызылордалық зияткерлер Ильяс Кенбай, Ғазиза Аушенова, Тоқтар Қорғанбеков, Арман Жалғасбаев пен Нұрсұлтан Талғатұлы «Жаңа тыныс» және «Алтын орда» атты Қазақстанның ішкі және сыртқы туризімін дамытуға бағытталған жобаларын көрсетті. Бірі әуе шарымен ұшуды танымал ету арқылы туристерді тартуға, ал екінші топ Қазақстанның өзіндік көркем табиғи зоналардың потенциалын тиімді пайдалану арқылы қазақ мәдениетін шетелге таныстыруға болатындығын дәлелдеді.

«Шығыс Қазақстан облысында Марқақөл жағасында орналасқан табиғаты ерекше Ұранқай ауылын жандандыру арқылы еліміздегі эко және этно туризм саласын дамытуға болады. Инфрақұрылымының төмен болуы салдарынан бүгінде ауыл халқы көшіп кетіп жатыр. Ал егер бұл жерге өмір сүруге қажетті барлық жағдай жасалынса, сыртқы және ішкі туристерді қызықтыратын керемет орынға айналар еді. Осында келген конақтар небәрі бір апта ішінде қазақ мәдениетімен таныса алады», – дейді 11-сынып оқушысы Нұрсұлтан Талғатұлы.

Astana HUB және Ұлттық зияткерлік меншік институтының қолдауымен Ақтауда өткен «Caspian Startup-2022» байқауында финалистерге арналған ауқымды оқыту ұйымдастырылды. Интерактивті сессиялар мен шеберлік сағаттар, бизнес-коммуникациялар STEM-білім, бағдарламалау, авторлық құқық, биотехнология, фармакология, баламалы энергия көздері сынды басты басымдықтарға арналды. Криминалистикадағы заманауи химиялық талдау әдістерін қамтыған «Шерлок Холмстың ұрпақтары» шеберлік алаңы оқушылардың үлкен қызығушылығын тудырды.

«Caspian Startup-2022» байқауының қатысушылары үшін Маңғыстау өңірінің киелі жерлеріне экскурсия жасау, психологиялық тренингтер, шығармашылық және спорттық іс-шаралар ұйымдастырылды. Дода жұлдыздары арнайы өткізілген бауырсақ-патиге қатысып, шабыттана еңбектенуге ынталана түсті.

Қызылордалық зияткерлер халықаралық байқауда жобаларын таныстырды

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: