Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде Bilim Media Group басшысы Рауан Кенжеханұлы профессор-оқытушылармен кездесіп, Coursera білім беру платформасының курстары студенттерге қазақ тілінде қолжетімді екенін айтты.
Coursera – әлемдегі ЖОО арасында ең жиі қолданылатын халықаралық қашықтықтан білім беру платформасы. Бүгінде 200 мемлекетте 110 миллионнан астам адам бұл жүйені тұрақты түрде қолданып келеді.
Кездесуде ректордың міндетін атқарушы Майнұр Бөрібаева Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде 500 білім алушы Coursera лицензиясын пайдалануға өтініш бергенін атап өтті.
Coursera дүниежүзіндегі алдыңғы қатарлы 170 университеттің оқу курстарын бір платформаға жинақтады. Оны осы кезге дейін негізінен оқу бағдарламаларын ағылшын тілінде жүргізетін қазақстандық ЖОО-лар қолданды. Курстардың ЖОО арасында кең қолданылуына кедергі болған басты жағдай – ағылшын тілінде болуы. Қазіргі кезде Coursera-дағы алғашқы 50 курс қазақ тіліне аударылды. Алдағы бір жыл ішінде шамамен 654 курсты қазақ тіліне аудармақпыз. Студенттер емтихан тапсырып, әйгілі оқу орындарының курстарын оқығандығы жөнінде сертификат ала алады, – деді Рауан Кенжеханұлы.
Айта кету керек, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің білім алушыларына 1 жылға 500 лицензия берілген.
Жиында профессор-оқытушылар платформаны білім беру процесінде қолдану мәселелері туралы сұрақтарды талқыға салды.
Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің
медиа орталығы
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!