Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Үкімет отырысынан кейін өткен брифингіде Ғылым академиясы қалай трансформацияланып жатқанын айтты. Бұл туралы KAZINFORM хабарлайды.
«Қазір Ғылым академиясын трансформациялау жүріп жатыр. Былтыр Президент жанындағы Ғылым академиясы құрылып, мәртебе берілген. Қазір ғылым туралы заңға тиісті өзгертулер енгізіп жатырмыз. Кеше Президент өз өкімімен Ғылым академиясының жаңа президентін тағайындады. Ережесі дайын. Жуықта, екі-үш аптаның көлемінде жаңа академиктерді сайлауды бастаймыз деп ойлаймын. Яғни, қазір Ғылым академиясы қоғамдық ұйым түрінде жұмыс істеп тұр. Ол жойылып, жаңа академиктерді конкурстық негізде іріктеу жұмыстары басталады. Еңбегі сіңген, жылдар бойы ғылыми үлесін дәлелдеп келе жатқан кейбір академиктерге «Құрметті академик» мәртебесі беріледі. Жаңа академияның жарғысында бұл бар», – деді ол.
Министр академиктер іріктеу конкурсы мүлде жаңа өлшемшарттар бойынша жүретінін айтады.
«Мысалы, ғылыми қызметі, Q1, Q2 импакт-факторы бар журналдарда жарияланған мақаласының саны есепке алынады. Іріктеу мүлде жаңа қағидаттар бойынша жүреді. Ол қағидат ғалымның жасына емес, шынайы ғылыми үлесіне, белсенділігіне, патенттер санына, ғылыми жобаларына, инвестиция тарта білгеніне қарайды. Сондықтан алдағы 2-3 айда академия шындап трансформацияланады. Жас бойынша шектеу жоқ», – деді Саясат Нұрбек.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!