XVI Еуразиялық Kazenergy форумының “Жұмысшы мамандықтар жылы: адамдар энергиясы” атты панельдік сессиясында ҚР Ғылым және жоғары білім министрі ведомство үшін басты басымдық индустрия сұранысына сай мамандар даярлау екенін атады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Біз кәсіби дағдыларды да, сонымен қатар қазір soft skills аталатын дағдыларды да дамытуға баса мән беріп отырмыз. Алайда бірқатар тар бағыттар бойынша тәжірибеміз жеткіліксіз екенін түсінеміз. Сондықтан әлемнің жетекші университеттері мен ғылыми ұйымдарын Қазақстанға тартып, олардың осында жұмыс істеуін қамтамасыз етіп отырмыз, – деді министр.
Оның айтуынша, ерекше назар энергетикаға, соның ішінде атом саласына аударылып жатыр. Биыл неміс білім беру үлгісі негізінде 52 студентке арналған кампус ашылды, сондай-ақ Таразда Ресейдің Менделеев атындағы химия-технологиялық университетінің өкілдігі іске қосылды. Соңғысы өңірде ірі химия өндірісін іске қосумен тікелей байланысты.
Министр Қазақстанда академиялық мобильділікке жағдай жасалып жатқанын, инженерлік бағдарламалар мен ғылыми орталықтар дамып келе жатқанын атап өтті. Олардың қатарында Satbayev University жанындағы физика мектебі мен Ядролық физика институты бар.
Біз ең үздік мамандардың дәл Қазақстанда жұмыс істеуін қалаймыз. Сол үшін халықаралық кампустар ашып, заманауи зертханалар ұсынып, компанияларға кадр даярлауға арналған кешенді шешімдер ұсынамыз. Мысалы, “Қазақмыс” қазірдің өзінде Satbayev University-де білім беру модульдеріне инвестиция құйды, – деді Саясат Нұрбек.
Министрлік сондай-ақ индустриямен бірлескен модульдік бағдарламалар әзірлеуге, соның ішінде жазғы студенттік лагерьлер мен болашақ инженерлерді даярлауға арналған практикалық курстар ұйымдастыруға дайын екенін мәлімдеді.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!