Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің оқытушы-профессорлары мен қызметкерлері арасында «Сергектік және денсаулық – 2025» дәстүрлі спартакиадасының жабылу салтанаты өтті.
Турнир жеңімпаздарын марапаттау рәсіміне Әлеуметтік және тәрбие жұмыстары жөніндегі проректор Жандос Базартай қатысып, қатысушылардың тартысты ойын көрсеткенін атап өтті.
“Биыл университетішілік спартакида 49 рет ұйымдастырылды. Жыл сайын әртүрлі бағыттар мен спорт түрлерінде өткізіліп, барлық қатысушылардың спортқа деген ынтасын, жігері мен қажырлы еңбегінің айқын бейнесін көрсетеді”,-деді Жандос Нұртайұлы.
Бес күнге созылған тартысты доданың қорытындысы бойынша жалпы командалық есепте Жаратылыстану институты І орын, Гуманитарлық-педогогикалық институты ІІ орын және Ректорат командасы ІІІ орын иеленді. Сонымен қатар, дене шынықтыру мен спортты дамытуға елеулі үлес қосқан университеттің ардагер спортшылары, үздік ойыншылар арнайы номинациялармен марапатталды. Жеңімпаздарға ұйымдастырушылар тарапынан арнайы дипломдар мен кәсіподақ комитетінің естелік сыйлықтары табысталды.
Сайыстың негізгі мақсаты – салауатты өмір салтын насихаттау, оқытушылар мен қызметкерлердің спорттық шеберлігін арттыру. Сайыста университет ұжымы жаңа серпіліс алып, спортқа деген құлшыныстары артты.
Айта кету керек, 6 команда спорттың шахмат, үстел теннисі, жүзу, пневматикалық мылтық ату, тоғызқұмалақ, волейбол, футзал, арқан тарту түрлерінен сынға түсті.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!