Дүйсенбі, 21 сәуiр, 23:52

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№28,2141
19.04.2025
PDF мұрағаты

Сеултех университетінің Президенті республикалық семинарда «Кореядағы IT және AI-трендтері» тақырыбында спикер ретінде сөз сөйледі

21.04.2025

114 0

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті мен Назарбаев Университетінің ұйымдастыруымен «Аймақтық білім беруді дамыту және маңызды реформаларды енгізу» тақырыбындағы республикалық семинар жасанды интеллекті білім беру саласына енгізудің тиімділігін қарастырған дөңгелек үстелде жалғасын тапты.

Республикалық жиынға Оңтүстік Корея Республикасынан жасанды интеллект (AI) саласы бойынша Оңтүстік Кореяның жетекші жоғары оқу орындарының бірі Сеул Ұлттық ғылым және технология университетінің (SeoulTech) Президенті, профессор Дон Хван Ким бастаған делегация және ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беруді интернационалдандыру басқармасының басшысы Рауза Мендалиева, университеттің Басқарма төрағасы – Ректоры Бейбіткүл Каримова қатысты.

«Білім берудегі ашықтық пен тиімді басшылықты қамтамасыз етудегі технологияларды қолдану: Кореядағы IT және AI-трендтері» тақырыбында  сөз алған семинар спикері Сеултех университетінің президенті, профессор Дон Хван Ким бүгінде 51 миллион халқы бар Оңтүстік Корея мемлекетінің даму тарихына  тоқтала келе, жаһандану жағдайында мемлекеттегі дамыған салалар және 1910 жылы негізі қаланған Сеултех университетінің бүгінгі тыныс-тіршілігі, жасанды интеллект технологиясын дамытуға арналған білім беру бағдарламаларын таныстырды. Сонымен бірге бүгінде ғылым мен білімге салынатын инвестицияның нәтижелі болатындығын тілге тиек ете отырып, Кореядағы IT және AI саласындағы технологиялық трендтер, интеллектуалды робот жасау жұмыстарының қарқынды дамуынан хабардар етті. Ол Кореядағы заманауи технологиялар, цифрлық трансформация және IT саласындағы жаһандық үрдістер туралы тың ақпараттарымен бөлісті.

Сонымен қатар, Сеултех университеті Халықаралық ынтымақтастық кеңесінің Вице-провосты, докторы Тэхи Ким «Қазақстан мен Корея арасындағы ынтымақтастықтың келешегі: Жасанды интеллект саласында кадрлар даярлау және ғылыми зерттеулер» тақырыбындағы баяндамасында жасанды интеллект бойынша пәндердің мазмұны, оқыту үдерісіндегі AI-ды қолдану әдістері туралы зерттеуімен таныстырды. Екі университет арасындағы 2025-2029  жылдар аралығында іске асатын қос дипломдық бағдарлама арқылы білім алған мамандар цифрлық басқару мен барлық инфроқұрылымдағы жұмыстың жоғары нәтижесін көрсетіп, Қызылорда облысының тұрақты дамуына үлес қосады деген пікір айтты.

Баяндамашылар Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті мен Сеултех университетінің бірлескен білім беру бағдарламасы екі ел арасындағы ғылым, білім саласындағы ынтымақтастықты нығайтатындығына үлкен сенім білдірді.

Айта кетейік, семинарға еліміздің түкпір-түкпірінен келген 86 делегат қатысуда. Екі күнге жалғасатын бұл басқосуда ұсынылатын ойлар мен шешімдер қазіргі білім беру жүйесіне қойылатын талаптарға сай келіп, оларды тиімді жүзеге асыру – болашақ педагогтер мен білім беру көшбасшыларының кәсіби құзыреттілігін арттыруға, аймақтық білім жүйесінің сапасын көтеруге үлес қосады.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: