Жексенбі, 22 желтоқсан, 08:45

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

Шекарасыз білім: Қорқыт ата университетінің халықаралық ынтымақтастығы

31.10.2024

343 0

Бүгінде Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті ғылым және жоғары білім саласында әлем елдерімен тығыз байланыс орнатып, студенттерге жаһандық деңгейде білім алу мүмкіндіктерін кеңейтуде. Қазіргі таңда университет жастары академиялық ұтқырлық бағдарламасы арқылы Оңтүстік Корея, Бельгия, Польша, Қытай, Түркия, Өзбекстан және Қырғызстан елдерінде білім алуда. Биыл шетелде білім алып жүрген студенттер саны айтарлықтай артқан.
Оқу жылының күзгі семестрінде университеттің 7 студенті Оңтүстік Кореяның Каннам университетінде корей және ағылшын тілі мамандығы негізінде білім алуда. Кореядағы оқу студенттердің академиялық үлгерімін арттырып, тілдік дағдыларын шыңдауға, сондай – ақ халықаралық деңгейде бәсекеге қабілетті болуға мүмкіндік береді.
Бельгиядағы Ховест Қолданбалы Ғылымдар университеті де биыл Қорқыт ата университетінің студенттеріне білім көкжиегін кеңейтуге мүмкіндік берді. Эразмус+ Халықаралық кредиттік ұтқырлық бағдарламасының гранттық жоба аясында 5 студент жоғары оқу орнында өз салалары бойынша білім алуда. Эразмус+ бағдарламасы шәкіртақы, визалық шығындар және жатақханамен қамтамасыз етіп, студенттерге еуропалық білім жүйесімен тереңірек танысуға мүмкіндік береді. Бұрын жылына екі студент қабылдаса, биыл олардың саны екі есе артты.
Бұдан бөлек, университет Польшаның Лодзь университетімен де тұрақты түрде серіктестікте жұмыс істеп келеді. Жыл сайын екі университет арасындағы ынтымақтастық туралы келісім негізінде 25 студент Лодзь университетінде білім алады. Ағымдағы семестрде 15 студент Польшаға оқуға жолдама алса, келесі семестрде тағы 10 студент сапарға аттанбақ. Бұл ынтымақтастық болашақ мамандарға өз салаларында халықаралық тәжірибе жинап, мәдени байланыстарын нығайтуға зор мүмкіндік.
Аспан асты елі саналатын Қытаймен де халықаралық ынтымақтастық тұрақты түрде дамуда. Қытайдың Хубей педагогикалық университетінде өткен оқу жылында 33 студент білімдерін жетілдіріп келді.
Түркияның ірі оқу орындары – Сельчук және Қаржы Байрам университеттерімен байланыс нығайып, жолға қойылған. Өткен жылы Сельчук университетінде 10 студент білім алса, келесі жылы Қаржы Байрам университетіне 6 студентті жіберу жоспарлануда. Сондай-ақ, қазіргі уақытта Түркиямен “Орхун” бағдарламасы бойынша келіссөздер жүргізілуде.
Университеттің түркі тілдес елдермен байланысы да айтарлықтай дамыған. Қырғыстанның Баласағұн және Манас университеттерінде 20 білім алушы білімін жетілдірсе, Өзбекстанның Ташкент университетінде 32 білім алушыға танымын кеңейтіп, тәжірибе алмасуға мүмкіндік берілді.
Қорқыт ата университеті ауқымды халықаралық бағдарламалар арқылы студенттерге шетелде білім алуына жағдай жасап, олардың кәсіби және тілдік дағдыларын жетілдіруге ықпал етіп келеді.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: