Бейсенбі, 18 қыркүйек, 11:26

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№70, 2183
16.09.2025
PDF мұрағаты

Шекарасыз білім: Сеулдегі студенттік өмір қалай?

18.09.2025

42 0

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің 2-курс студенті Шұғыла Нұрғалиева Сеул ұлттық ғылым және технологиялар университетінде академиялық ұтқырлық бағдарламасы аясында білім алуда. Жаңа елде алған әсері мен бастан кешкен тәжірибесімен бөлісті. Кореяға алғаш аяқ басқан сәттен-ақ Шұғыла ерекше әсерге бөленген.


«Бұл елдің мәдениеті, адамдары, технологиясы біздікінен әлдеқайда дамыған. Мұнда бәрі тәртіппен, жүйелі түрде жұмыс істейді. Алғашқы күннен-ақ соны сездім», – дейді ол.


Кореядағы білім беру жүйесі біздікінен айтарлықтай өзгеше. Мұнда теория мен практика қатар жүреді. Профессорлар әр сабақты толық дайындықпен бастап, студенттерге барынша түсінікті етіп жеткізеді.


«Сабақтың әр бөлігіне ерекше мән беріледі. Әр тақырыпты талдап қана қоймай, міндетті түрде практикалық жұмыс жасаймыз. Ең қызығы – топтық жұмыстар жиі ұйымдастырылады. Бұл студенттердің бір-бірімен араласуына, материалды жақсы меңгеруіне көп көмектеседі», – дейді Шұғыла.


Студенттік жатақхана да Шұғылаға ұнаған. Қауіпсіздік пен тазалыққа баса назар аударылады.


«Біздегідей белгілі бір уақытқа дейін келу шектеуі жоқ. Студенттер түнгі сағат 12-де де еркін жүре алады. Жатақхана заманауи жабдықталған, барлық жағдай қарастырылған», – деп бөлісті студент.
Корея мәдениетінен Шұғыланы ерекше таңғалдырғаны – қоғамдағы тәртіп пен адамдардың бір-біріне деген құрметі. Көлікте, көшеде, дүкенде болсын – бәрі өз орнын сақтайды.
«Бұл – бізге де үлгі боларлық дүние. Қоғамдағы әрбір адамның тәртіпті ұстануы жалпы өмір сапасына әсер етеді», – дейді ол.


Шұғыла кәріс тілін базалық деңгейде біледі. Бұл да оған көп көмегін тигізіп жатыр.


«Күнделікті өмірде, әсіресе дүкенде, автобуста немесе достармен қарым-қатынаста тіл білу маңызды. Тіл үйрену жаңа достар табуға, сабаққа белсенді қатысуға септігін тигізеді», – дейді.


Бос уақытында студент достарымен кампусты аралап, қаланың тарихи әрі әсем жерлерін тамашалап жүр. Ал K-pop мәдениетіне қызығушылық бар болғанымен, концертке әлі барып үлгермеген. Алдағы уақытта баруды жоспарлап отыр. Кәріс тағамдары да студентті таңғалдырған.


«Маған ең ұнағаны – Сольлёнтан, сиыр етінен жасалған дәстүрлі сорпа. Ал ең таңқалдырғаны – теңіз өнімдерінен жасалған түрлі тағамдар. Әртүрлі қоспалар мен дайындалу әдістері мүлдем бөлек екен», – дейді Шұғыла.


Жергілікті студенттер Қазақстанға үлкен қызығушылық танытады екен. Олар көбінесе табиғатымызды, мәдениетімізді, ұлттық тағамдарымызды, тіпті дәстүрлі киімдерімізді де сұрайды.


«Кейде тарихымызға да қызығып, сұрақ қоятындары бар. Бұл – біздің елге деген құрмет пен қызығушылықтың белгісі», – дейді ол.


Шұғыла әзірге үлкен іс-шараларға қатысып үлгермегенімен, алдағы уақытта университеттің жобаларына араласуды жоспарлап отыр. Ол Кореядан Қазақстанға қоғамдық тәртіп пен ұқыптылықты, студенттер арасындағы ынтымақтастықты және жаңа технологияларды әкелгісі келеді.


«Алдағы айларда жаңа білім алып, жобаларға қатысуды, жаңа достар табуды күтемін. Қазақстанға Кореяда көрген топтық жобаларды басқару тәсілдері мен жаңа технологияларды қолдану тәжірибесін әкелгім келеді», – деген ойымен бөлісті.


Академиялық ұтқырлық – тек жаңа ортада білім алу емес, сонымен бірге мәдениетаралық тәжірибе жинау, өз еліңнің атын шетелде таныту. Шұғыла Нұрғалиева – осы мүмкіндікті тиімді пайдаланып, елге жаңа көзқарас пен тәжірибе әкелуді мақсат етіп отырған студенттердің бірі.
Айта кетейік, қазіргі таңда университетіміздің 6 студенті Сеул ұлттық ғылым және технологиялар университетінде білім алуда.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: