Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде шетелден келген қандас білім алушылармен кездесу өтті. Кездесуде қандас студенттерге арналған бірқатар мәселелер талқыланды. Шетелден келген қандас студенттердің құқықтары мен міндеттері, Қазақстанға келгеннен кейінгі тіркеу, визалық құжаттарды рәсімдеу, көші-қон заңнамалары мен шарттары туралы айтылды.
Шетелден келген студенттерге бейімделу процесінде психологиялық қиындықтар туындауы мүмкін. Бұл мәселені шешу мақсатында университет тарапынан психологиялық көмек көрсету, бейімделу топтары мен тренингтер өткізу ұсынылды.
Кездесу барысында шетелдік студенттердің медициналық қызметтерге қолжетімділігі, медициналық сақтандырудың маңыздылығы және денсаулық сақтау саласында қандай құқықтары мен міндеттері бар екені туралы ақпарат берілді. Бұдан бөлек, мәдени және әлеуметтік бейімделуіне ықпал ету мақсатында университетте арнайы іс-шаралар ұйымдастырылатыны, мәдениетаралық коммуникацияны дамыту үшін түрлі тренингтер мен қоғамдық іс-шаралар өткізілетіні туралы хабарланды.
Жиынға Әлеуметтік және тәрбие жұмыстары жөніндегі проректор Жандос Базартай, Көші-қон қызметі басқармасы басшысының орынбасары, полиция полковнигі Сағындық Увайдуллаұлы және көші-қон қызметі басқармасының сыртқы көші-қон бөлімінің инспекторы, полиция капитаны Ғабит Әмитұлы мен Әлеуметтік және тәрбие жұмыстары басқармасының бас әдіскері Алтынай Мұстафаева, Психологиялық қолдау орталығының жетекшісі Иманалиева Құралай, Медициналық орталық маманы Гүлнар Есмаханова және Халықаралық байланыстар бөлімінің маманы Жәнібек Қалмағанбет қатысты.
Кездесу шетелден келген студенттердің білім алу сапасын арттыруға, Қазақстанға бейімделу процесін жеңілдетуге және құқықтық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!