Түркістан қаласындағы қазақ-түрік университетінде 30 жылдан астам уақыттан бері түркі елдерінен келген жастар білім алып, «Дайындық орталығында» оқу орданың ішкі гранты негізінде түрік, ағылшын тілдерімен қатар қазақ тілін де меңгеретіні мәлім, деп жазады Egemen.kz.
Биыл Әзербайжаннан келген үшем – Зехра, Эсра, Лала Азизовалар мен Қырғызстаннан келген егіздер – Батма және Зуура Акканалиевалар білім алып жатыр. Қазақ тілін үйренуді бастағандарына небәрі бір ай болса да, тыңдаушылар еркін сөйлеп, өз ойларын қазақ тілінде жеткізе алады. Үшем мен егіз қыздар «Дайындық орталығын» аяқтағаннан кейін қалауларына сәйкес мамандықтар бойынша білімдерін жалғастыруды жоспарлап отыр.
«Біздің түр-сипатымыз ұқсас болғанымен, таңдаған мамандығымыз әртүрлі. Біріміз – психолог, біріміз – дәрігер, енді біріміз мұғалім болғымыз келеді», дейді олар.
Ғылым және жоғары білім министрлігінің мәліметінше, Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің «Дайындық орталығында» қазіргі таңда түркі мемлекеттерінен келген 296 тыңдаушы бар. Олар бір жыл көлемінде тілдік дайындықтан өтіп, қорытынды емтихан нәтижесінде таңдаған мамандығы бойынша оқуын жалғастырады.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
