Шиелі ауданында білім беру сапасын арттыру, мектепке дейінгі ұйымдардың жұмысын жетілдіру бағытында нақты шаралар қолға алынуда. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында Шиелі ауданының әкімі Айтбай Жандарбеков баяндады.
– Ауданда жалпы білім беретін 38 мемлекеттік, 2 жеке мектеп, 18 мемлекеттік және 75 жеке балабақша жұмыс істейді. Үш ауысымда оқыту немесе апатты жағдайда тұрған білім мекемелері жоқ. Биылғы ҰБТ қорытындысы бойынша ауданның орташа балы 84,3 болып, аймақтағы үздік төрт ауданның қатарындамыз. Балаларымыздың алаңсыз білім алуына барлық жағдайды жасау – басты міндетіміз. Осы тұрғыда «Сыр ұланы» лагері мен «Қарлығаш» балабақшасындағы ескі, қауіпті қоршаулар жаңартылып, орнына заманауи әрі қауіпсіз қоршаулар орнатылды. Сонымен қатар аудан бойынша жеке балабақшаларға жүргізілген жоспарлы мониторинг жұмыстары барысында заң талаптарын сақтамаған 25 балабақша тізімнен шығарылып, мемлекеттік тапсырыс тоқтатылды. Бұл шаралар мектепке дейінгі білім беру сапасын арттыруға және ата-аналардың сенімін күшейтуге бағытталған,-деді Айтбай Насраддинұлы.
Шиелі ауданында «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық пилоттық жобасы аясында бірқатар маңызды медициналық нысандардың құрылысы жүргізілуде.
– Денсаулық сақтау – біздің аудан үшін ең маңызды бағыттардың бірі. Қазіргі таңда Шиелі кентінде 30 төсектік жұқпалы аурулар бөлімінің жаңа ғимараты бой көтеріп жатыр. Құрылыс жұмыстары жоспарға сай жүріп, нысанды қыркүйек айында пайдалануға беруді көздеп отырмыз. Сондай-ақ ауданаралық аурухана базасында қосымша корпус салынып, оған МРТ құрылғысын орнату жұмыстары жоспарланған. Бұл тұрғындар үшін жоғары технологиялы диагностикалық қызметтің қолжетімділігін айтарлықтай арттырады. Бұдан бөлек, «Болашақ» дәрігерлік амбулаториясын күрделі жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Барлық жобалар аудан халқының денсаулығын жақсартуға және медициналық қызмет сапасын жаңа деңгейге көтеруге бағытталған, – деді Айтбай Насриддинұлы.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!