Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетіне Максим Танк атындағы Беларусь мемлекеттік педагогикалық университетінің оқу ісі жөніндегі проректоры Вероника Радыгина бастаған делегация арнайы жұмыс сапарымен келді.
Шетелдік білім саласының өкілдері университет басшылығымен кездесіп, ғылым және білім саласындағы ынтымақтастықты арттыру бойынша өзара пікір алмасты.
Кездесуде Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің Басқарма төрағасы – Ректоры Бейбіткүл Кәрімова білім ордасының қызметі мен жоспарлары туралы айтып, Беларусь жоғары оқу орындарымен ынтымақтастықты одан әрі нығайтудың маңыздылығына тоқталды.
Максим Танк атындағы Беларусь мемлекеттік педагогикалық университеті – Беларусьтегі жүз жылға жуық тарихы бар жетекші оқу орны. Сондай-ақ, білім беру қызметі бойынша үздік жоғары оқу орындарының үштігіне кіреді.
Делегация құрамында Максим Танк атындағы Беларусь мемлекеттік педагогикалық университетінің Біліктілікті арттыру және қайта даярлау институтының директоры, педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент Ирина Шеститко, Минск қаласындағы Мәскеу ауданы әкімшілігінің білім бөлімі басшысының орынбасары Наталья Геро және Минск қаласындағы бес мектептің директоры бар.
Делегация өкілдері проректорлар, профессор-оқытушылармен кездесіп, жоғары білім беру процесі және ғылыми бағытта бірлесіп зерттеулер жүргізу, білікті кадр даярлау бойынша ұсыныстарды талқылады.
Алдағы уақытта екі оқу орны қос дипломдық білім беру бағдарламасын жүзеге асыру, математика, химия, биология мамандықтары студенттері мен магистаранттарын бірлесіп оқытуға, білім алушыларды практикадан өткізуге келісті. Сонымен қатар, екі университеттің бірлесуімен экологиялық мәселелерді шешуге бағытталған «жасыл қауымдастық» ашылатын болады. Осы кезге дейін Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті ғалымдарының бастамасымен қала мектептерінде «Жасыл мектеп» пилоттық жобасы басталған болатын. ЖОО ғалымдары оқушыларға биоалуантүрлілік,
су үнемдеу, энергия үнемдеу, қалдықтарды сұрыптау, экологиялық-ақпараттық жұмыстар бойынша бағыт-бағдар беруде.
Минск қаласындағы мектеп басшыларының да Қызылорда қаласына келу мақсаты – осы инновациялық технологиялармен танысып, университет және қала мектептерімен байланыс орнатып, экологиялық жобаны өз елдерінде жүзеге асыру болатын.
- «Жасыл мектеп» жобасы оқушылардың қоршаған ортаны таза ұстауына, табиғи байлықты үнемдеуге деген көзқарасының қалыптасуына әсер етті. Қала мектептерімен жүргізген бұл жобамыз сәтті жүзеге асуда. Ендігі кезекте қала тұрғындарын қамтитын «жасыл қауымдастық» құруды ұсынамын. «Жасыл қауымдастық» биология, химия, география саласының ғалымдарын ғана қамтып қоймай, заңгер, экономист, мемлекеттік қызмет саласының өкілдерінің қатысуымен іске асады. Мәселен, ғалымдар суды қалай үнемдеу, қоқысты сұрыптау жолдарын айтса, экономистер үнемдеу жолдарын қарастырады, ал заңгерлер заң аясында талап қойып, шешім шығарады, – деді университеттің академиялық мәселелер бойынша проректоры – Басқарма мүшесі Дана Абдрашева.
Сонымен қатар, екі университ ғалымдары «Беларусь – Қазақ» сөздігін де әзірлеу қажеттігіне тоқталды.
Мұнан кейін шетелдік ЖОО өкілдері университеттің ғылыми инфрақұрылымымен және зертхана, музейлермен танысты.
Қорқыт ата атындағы Қызылорда
университетінің медиа орталығы
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!