Еліміздің білім кеңістігінде соңғы жылдары тың серпін берген жобалардың бірі – STEAM-Tulpar. Бұл – кәдімгі зертхана емес, жол үстінде жүрген зертхана. Арнайы жабдықталған көлік Қазақстанның түкпір-түкпірін аралап, ауыл мектептеріндегі балаларды ғылым мен технологияның қызықты әлемімен таныстырып жүр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Жобаның басты мақсаты – ауыл мен қала мектебі арасындағы алшақтықты жою, әр баланың ғылым мен техникаға қолжетімді болуына жағдай жасау.
Ғылымды жолға қойған идея
STEAM-Tulpar дегеніміз – ғылым (Science), технология (Technology), инженерия (Engineering), өнер (Art) және математика (Mathematics) бағыттарын біріктірген заманауи білім беру платформасы.
Жоба Caravan of Knowledge қоры мен «Chevron» компаниясының әлеуметтік жауапкершілік саясаты аясында жүзеге асып отыр.
Жобаға арналған арнайы көліктің ішінде шағын зертхана орналасқан. Мұнда робототехника, физика, химия, 3D модельдеу, инженерлік жобалау бағытында тәжірибелік сабақтар өткізіледі. Құрал-жабдықтар балалардың өз қолымен тәжірибе жасап, нәтижесін көзбен көруіне мүмкіндік береді.
Бұл көлік елдің кез келген өңіріне бара алады. Мектептер өтінім берсе, STEAM-Tulpar сол аймаққа барып, оқушылар мен мұғалімдерге арналған интерактивті сабақтар ұйымдастырады.
Осылайша, ауылдағы бала да мегаполистегі замандасындай жоғары технологиялармен жұмыс істеп, ғылыммен жақын танысады.
Әлемдік тәжірибе – қазақстандық үлгі
Жылжымалы зертхана идеясы алғаш рет АҚШ-та кең тараған. Мысалы, Monroe Country Community School Corporation атты ұйымның мобильді зертханасы жылына екі рет бастауыш мектептерге барып, робототехника және инженерия сабақтарын өткізеді.
Тағы бір мысал – STEM in Gear бағдарламасы. Ол 1–12 сынып оқушыларын өз мектебінде STEM іс-шараларға тартумен қатар, мұғалімдердің біліктілігін арттырады, оқу бағдарламаларын жетілдіреді және жергілікті кәсіпорындармен байланыс орнатады.
Қазақстандағы STEAM-Tulpar – осы халықаралық үлгілердің заманауи әрі ұлттық ерекшелігі ескерілген нұсқасы. Біздің жағдайымызға бейімделген бұл жоба ауыл мектептеріне тең мүмкіндік беруді көздейді.
«Білім – әр балаға тең мүмкіндік болуы керек»
Caravan of Knowledge қорының директоры Дарын Сайынов жобаның бастау тарихымен бөлісіп, оның әлеуметтік маңызын ерекше атап өтеді:
STEAM Tulpar – тек білім беру жобасы емес, бұл ауылдағы балаға үміт сыйлайтын бастама. Оқушылар зертханалық құрал-жабдықтармен жұмыс істеуді үйреніп, ғылымға қызығушылығы артты. Мұғалімдер тәжірибе алмасып, жаңа әдістемелермен танысуға мүмкіндік алды. Тіпті экологиялық және инженерлік жобалар байқауын өткізіп, үздік оқушыларды марапаттадық. Бұл – ауылда да талантты, жаңашыл жастар бар екенін дәлелдеді, – дейді ол.
Дарын Сайыновтың айтуынша, жобаның алғашқы нәтижелері-ақ оның қажеттілігін көрсеткен.
Біздің зертханамызға мектеп директорлары мен білім басқармалары тарапынан қызығушылық өте жоғары. Германияның Phywe компаниясы бізге физика саласындағы зертханалық тәжірибелерге арналған жабдықтарды сыйға тартты. Бұл халықаралық сенім мен ынтымақтастықтың айқын белгісі. Алдағы уақытта ай сайын бір өңірге барып, бірнеше мектепті қамтуды жалғастырамыз. Көп ұзамай Атырау облысына сапарлап, 11 мектепті қамтуды жоспарлап отырмыз. Ең бастысы – қоғамда сұраныс бар, қолдау бар. Сондықтан бұл жоба тоқтап қалмайды, – дейді қор басшысы.
Оқушыға – тәжірибе, мұғалімге – жаңа әдіс
Жоба тек балаларға емес, ұстаздарға да пайдалы. Әрбір сапар кезінде мұғалімдер жаңа әдістемелермен танысып, тәжірибе алмасады. Көпшілігі осы жобаның арқасында өз сабақтарына жаңа формат енгізе бастаған.
Мысалы, ауыл мұғалімдері бұрын тек оқулықпен шектелсе, қазір тәжірибелік сабақтар өткізіп, балаларды нақты нәтижеге бағыттауға мүмкіндік алып отыр. Бұл өз кезегінде оқу сапасын арттыруға үлкен әсер етеді.
Баланың арманына жол ашқан жоба
STEAM-Tulpar зертханасына келген әр баланың көзі жанып, қиялына қанат біткендей әсер қалдырады. Бірі робот құрастырып жатса, бірі 3D-принтермен модель жасап көреді, енді бірі химиялық реакцияларды тәжірибе жүзінде байқап көреді.
Осындай сәттерде балалардың аузынан: «мен де инженер боламын», «мен ғалым боламын» дегенді жиі естуге болады.
Міне, дәл осындай сенім – жобаның ең үлкен жетістігі.
Білімге инвестиция – елдің болашағына салынған капитал
Chevron компаниясының Қазақстандағы әлеуметтік жобаларының бірі ретінде STEAM-Tulpar тек білім саласына емес, қоғамның дамуына үлес қосып отыр.
Бүгінгі таңда жоба бірнеше өңірде жүзеге асырылып, жүздеген мұғалім мен мыңдаған оқушыны қамтыды. Болашақта оның ауқымын кеңейтіп, әр облыста осындай зертханаларды тұрақты түрде ұйымдастыру жоспарда бар.
Білімге салынған әр инвестиция – елдің ертеңіне салынған капитал. STEAM-Tulpar осы ұстанымның айқын көрінісі.
Жаңа дәуірдің білім моделі
Бұл жоба – заманауи білім берудің жаңа форматы. Ол тек мектептер арасындағы айырмашылықты жоюмен шектелмейді, сонымен қатар инновациялық ойлау, сын тұрғысынан талдау, командалық жұмыс, зерттеушілік дағдылар сияқты қабілеттерді дамытуға бағытталған.
Білім жүйесінің басты міндеті – баланы жаттап емес, ойлап үйрету болса, STEAM-Tulpar дәл осы мақсатқа қызмет етіп отыр.
Бүгінгі таңда STEAM-Tulpar – ауыл мен қаланы жалғаған білім көпірі. Бұл жоба елдің болашағына сенім ұялатып, жаңа буын инженерлер мен ғалымдарды тәрбиелеудің алғашқы баспалдағына айналды.
Caravan of Knowledge қоры мен Chevron компаниясының ынтымақтастығының арқасында бұл бастама тек техникалық жоба емес, адам капиталын дамытуға арналған ұлттық миссия деңгейіне көтерілді.
STEAM-Tulpar – әр баланың арманына жол ашатын жылжымалы зертхана. Ол – ел ертеңіне салынған ең ізгі инвестиция.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
