Сенбі, 28 желтоқсан, 17:00

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№101 (2111)
24.12.2024
PDF мұрағаты

Бәсекеге қабілеттілік: көптілді құзыреттілікке ие болу көкжиегі

17.03.2023

925 0

Білекке сенген заманда ешкімге есе бермедік,

Білімге сенер заманда қапы қалып жүрмелік.

 Абылай хан

Қазіргі таңдағы экономикалық даму кезеңі әрбіріміздің заман талабына сай қауһарлы, бірегей, ізденімпаз, білікті болуымызды қажет етеді. Бұл  атаулы көрсеткіштер білім бағытын  бағдар еткен адамдардың бойынан әсте табылатыны даусыз. Себебі, білімділік бар тұлғалық дамудың бірегей көрсеткіші. Сан алуан сұрақтардың жауабын сыр түбінен ақтарып, тылсым ғылым әлемін зерттемек ғалымда әуелі білім теңізінің маржанын теруге асық келетініде білімге деген құштарлықтың бейнесіндей. Бұл орамды ойлар біздің бүгінгі тақырыбымыздың өзегі іспеттес. Себебі білімді үлкен әлем деп алсақ оның көкжиегінде қаншама тарамдалған ғылым мен ізденіске толы құндылықтар жатыр. Ал біздің қозғағалы отырған көптілділік ұғымы осы білім көкжиегінің бір тармағы болып табылады.

Білім сапасының артуы, әлем алдындағы толассыз ақпараттың алмасуы бәсекеге қабілетті, шығармашыл, креативті ой алмасушы, топжарған  талқылауларда жүйелі пікір білдіре алатын жас буынды баулып шығаруды қажет етуде. Бұл дегеніміз қандайда бір сала болмасын әрдайым ізденісте жүрудің пайдалы болатынын көрсетеді.

Біз ұлт ретінде қалыптасқан тұстан бері дамушы елдердің қатарында болып, әркез жас буынның болашағы үшін алаңдаған және олардың сапалы білім алуы үшін бар күшімізді сарп ете қызмет етіп келе жатқан елміз.  Бұл қолдаудың астарында болашағын жастарға тапсырған және М.Жұмабаев айтқандай «Жастарға сенім» білдірген ұлттың үміті жатыр.

Бүгінгі күні ақпарат әлемі тез жаңаруда. Бұл үдеріске ілесу үлкен күшті қажет етеді. Және бұл жолдың ең қажетті құралы әлемнің тілін үйрену және көптілді дарын болып қалыптасу. Көптілділік қашанда болсын алда болудың айқындауышы болып қала беретіні сөзсіз. Біздің міндет сол көптілді қоғамды қалыптастыруда аянбай еңбек ету және сол өзгерістің бір бөлшегіндей болып қызмет жасау.

Тақырыбымыз айтып тұрғандай көптілді құзыреттілікке ие болу бәсекеге қабілетті болудың айқын көрсеткіші. Себебі, қазіргі күні ақпарат ауаны өзгеруде, яғни тың мәліметке әуелі әлем тілдері бірінші қол жеткізеді. Атап айтсақ ағылшын  тілі әлемнің ақпарат тілі іспеттес. Қандай мазмұнда мәлімет іздесеңізде ауқымы кең. Бұл дегеніміз біздің шетел тілдерін меңгеру арқылы кең көлемде жұмыс жасай алатынымызды көрсетеді. Оның үстіне ғылыми жаңалықтардың, әлемдік ашылулардың  тіпті елімізде орын алған тарихи оқиғалардың  шет елдерге танылуы үшінде ағылшын тілі маңызды рөл атқарады. Осы ретте қолжетімділіктің бір бағытын көптілділікпен толық байланыстыра аламыз.

Өркениетті қоғамда әрбір ұлттың тілі баға жетпес құндылығы болып табылады. Көптілділікте сол секілді қоғам дамуының бір жетістігі. Осы орайда көптілділік біздің елімізде де қолға алынып келе жатқан жұмыс және дамушы бағыт ретінде айта аламыз. Қазіргі күні мектеп оқушыларының бастауыш сыныптардан бастап шетел тілдерін меңгеріп, мәдениетаралық қарым-қатынасқа бағыт алуы білім саласының басым бағыттарының бірі. Кем дегенде үш тілді меңгеру — заман талабына айналып отырған қажеттіліктердің бірі. Қазіргі таңда адам қызметінің барлық салаларында жаһандану үрдісі орын алғандықтан, білім беру саласында қайта қарастырулар болып жатыр. Сол себептен ақпараттық-коммуникативтік құзырлықпен қатар, көптілділік бүгінгі уақытта білім беру құзыреттерінің  басты бағыттарының бірі ретінде анықталды.

Ағылшын тілін үйретуші маман ретінде біз үшін басым бағыт деп төмендегілерді атап өте аламыз.Олар:

  • Ақпарат алаңындағы тың мәліметтерге еркін қол жеткізуге баулу;
  • Ағылшын   тілін  оқыту арқылы әлем мәдениетімен таныстыру;
  • Ағылшын тілін үйрету арқылы өз мәдениетімізді әлемге таныта алатындай мүмкіндер болуы;
  • Әлемдік ғылымның тілін меңгеру;
  • Білім мазмұнындағы шетел тілдерін үйрену бойынша қалыптасқан стереотиптердің азайуына себепкер болу, яғни  ағылшын тілін түрлі әдістер арқылы меңгеру жолдарын игеріп, білім алушыларды шетел тілдерін меңгеруге шақыру;

Негізінде, көпұлтты және көпмәдени ортада белсенді және тиімді өмір сүруге қабілетті, басқа мәдениеттерді құрметтеуге, бейбітшілік пен келісімде өмір сүруге дайын, бәсекеге қабілетті маманды, коммуникабельді позитивті тұлғаны қалыптастыру үшін көпмәдени және көптілді білім беру қажет. Көптілділік – бұл инновациялық әлемге есік ашудың мүмкіндігі, ұлттар, елдер, адамдар арасындағы келісім мен өзара қарым-қатынасты нығайтатын үлкен артықшылық.

Қорыта айтатын болсақ, көптілді білім беру бағдарламасы аясында үштілді меңгеру тəжірибесін жинақтап, əлемдік деңгейге көтерілуіміз керек. Студенттердің жыл бойы халықаралық жобаларға қатысуын қадағалау, шетелдік əріптестермен ғылыми байланыстарды нығайтуға, шетел тілдеріндегі ақпарат көздеріне қол жеткізуіне мүмкіндік береді. Елдің ертеңгі өресі биік, дүниетанымы кең, кемел ойлы азаматтарын өсіру үшін бүгінгі ұрпаққа ұлттық рухани қазынаны əлемдік озық ой-пікірімен ұштастырған сапалы білім мен тəрбие берілуі қажет.

    Әбжекенова Бибінұр Ғаниқызы

Ташенова Жанат Ахтаевна

  Қорқыт ата Қызылорда университетінің оқытушылары

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: