Дүйсенбі, 23 желтоқсан, 03:38

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

Меморандум: Арал ауданында университет филиалы ашылады

17.05.2024

687 0

Сурет:Н.Нұржаубай

Бүгін Қызылорда ашық университетінде облыстық білім басқармасының басшысы Асқарбек Есжанов, Арал ауданының әкімі, филология ғылымдарының кандидаты Аманжол Оңғарбаев  пен  Қызылорда ашық университетінің ректорының міндетін атқарушы Абайбек Жүнісов университет ғалымдары мен профессор-оқытушылары, БАҚ өкілдерінің қатысуымен университеттің Арал қаласында қашықтықтан білім беру орталығын ашу жөніндегі келісімге қол қойды. 

Университет ректорының міндетін атқарушы Абайбек Жүнісов  Қызылорда ашық университетінің тарихына және келісімнің мәніне тоқталып өтті.

– Қызылорда ашық университеті облыстық білім басқармасы және Арал ауданы әкімдігімен бірлесіп Арал қаласынан университеттің қашықтықтан оқыту орталығын ашу мақсатында келісімге қол қойды. Қызылорда ашық университеті 25 жыл тарих бедерінде биік белестерді бағындырып, 23 білім беру бағдарламасы бойынша маман даярлап келеді, – деді Абайбек Жүнісов.

Өз кезегінде Арал ауданының әкімі Аманжол Оңғарбаев 23 мамандық бойынша маман даярлайтын университет филиалын ашу аудан тұрғындары үшін тиімді екенін жеткізді.

– Арал өңіріндегі жас жеткіншектер Ақтөбе және өзге қалаларда оқуға бейім. Оған жол жақындығы себеп. Десе де ауданда әлеуметтік жағдайы әртүрлі отбасы бар. Оқу ақысы тиімді болғандықтан, аймақ басшысының қолдауымен техника ғылымдарының докторы Қылышбай Бисенов негізін қалаған ашық университетімен оқу орталығын ашу үшін келісім жасауды ұйғардық, – деді аудан басшысы.

Облыстық білім басқармасының басшысы Асқарбек Есжанов Арал ауданында Қызылорда ашық университетінің филиалының ашылуына қолдау көрсететінін айтып, жаңа бастамаға сәттілік тіледі.

 Сөз соңында облыстық білім басқармасының басшысы, Арал ауданы әкімі және Қызылорда ашық университетімен бірлесе отырып, Арал қаласынан университеттің  қашықтықтан оқытатын филиалын ашу жөнінде меморандумға қол қойды.

Бұл бастама аралдықтар үшін жағымды жаңалық. Әсіресе жас жеткіншектер үшін қолайлы болмақ.  Енді балалар үйінен жырақтамай, Қызылорда  ашық университетінің аудандағы филиалында 23 мамандық бойынша білім алады. 

Айта кетейік, биыл 23 наурызда  Қызылорда ашық университеті Азия Ашық университеттер қауымдастығына (Аsian association of open universities – AAOU) қауымдастырылған мүшесі болып қабылданды. Бүгінде бұл университет қауымдастықтағы алғашқы және жалғыз қазақстандық ашық және қашықтықтан білім беруге арналған жоғарғы оқу орны.

Н.МҰҚАТАЕВА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: