Бүгінде елімізде тіл мәселесі көп талқыланып, өзекті мәселенің біріне айналды. «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте» демекші, қазақ тілімен қоса орыс, ағылшын тілін меңгерудің артықтығы жоқ. Керісінше, дәл қазіргі уақытта пайдасы мол.
Оның ішінде орыс тілін оқыту мектеп бағдарламасының негізгі бөлімдерінің бірі. Мәселен, орыс, ағылшын пәндері 11-ші сыныпқа дейін оқытылады. ЖОО бағдарламасында да, кез келген мамандық студенттері орыс тілін оқып, осы пәннен емтихан тапсырады. Жалпы, орыс тілі – әлемдегі ең көп таралған тіл. Әсіресе, ғылым-білім, медицина, әдебиет салаларында орыс тілді шығармалардың орны ерекше. Толстойдың «Война и мир» шығармасын, әлемдегі көптеген мәртебелі адамдар оқуға ұсынада. Менделеевтің кестесі ғылым тарихындағы ең маңызды ашылу болып саналады.
Орыс тіліне ұлы ақын Абайдың да көзқарасы жақсы болған. Әдебиетке көз жүгіртетін болсақ, ақын орыс тілін өз бетінше оқып үйренді. Сөйтіп, орыс әдебиетінің А.С.Пушкин, М.Ю.Лермонтов, Л.Н.Толстой, В.Г.Белинский, Н.А.Добролюбов, М.Е.Салтыков-Щедрин, И.А.Крылов т.б. ойшыл-ақындардың шығармаларымен танысып, аударма жасаған. Орыс тілі арқылы әлемге есімдері мәлім ұлы ойшыл-философтар Сократ, Платон, Аристотель, Спенсер, Дрэпер, Милль еңбектеріне қол жеткізді. Сондай-ақ И.В.Гете, Джордж Байрон, А.Мицкевич сияқты ақындар жырларынан сусындады. Ұлы ақын Абай Құнанбаев үшін тіл білу – адамгершілік өлшемі. Сондықтан да ол орыс тілін өз бетінше үйреніп алды.
Қазақ тілін дамыту, оның мәртебесін көтеру, баршамыздың алдымызда тұрған басты – міндеттің бірі. Десе де, ұстаз ретінде менің көзқарасым – қазақ тілін дамытатын, ол қазақ тілді ақылды адамдар. Білімді, талапты қазақ азаматтардың көбеюі, қазақ тіліндегі әлемге маңызды ғылыми еңбектер, әдеби шығармалар, заманауи жобалардың көбеюі қазақ тілінің мәртебесін көтереді.
Қарап отырсаңыз, қазір де ақпараттық технологиялар саласында, орыс, ағылшын тілін білетін мамандардың орны ерекше. Сонымен қатар әлемде орыс, ағылшын тілді программисттер жоғары бағаланады. Сондықтан өзге тілді меңгеріп, қазақ тілін ұмытып кетесін деген оймен мүлдем келіспеймін. Білімді жас қашанда, қай жерде де жоғары бағаланады. Ал білімді, сауатты, жан-жақты болуы үшін адам ең алдымен көп тілді меңгеруі қажет. Сонда ғана қазақ тілін дамытуға, әлем деңгейіне көтеріп, насихаттауға жұмыс істей аламыз.
Жасыратын несі бар, қазақ балалары мектеп жасында орыс, ағылшын пәндеріне мән бермейді. Кейін өзге тілді үйрену үшін мықты мамандар іздейді. Өкінішке қарай, интернетті аша қалсаң, жастардың орыс, ағылшын тілін үйренгім келеді деген жазбалардан көз сүрінеді. Менің мақсатым – өзге тілді мақтап, оны дәріптеу емес, тек қазақ жастарының санасын, ой-өрісін, білімін арттырып, кеңістігін ұлғайту.
Омарова Маржан Серікбайқызы,
Қызылорда қалалық
№271 Б.Ермекбаев атындағы орта мектептің
орыс тілі мен әдебиеті мұғалімі
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!