Болашақ – білімді жастардың қолында. Себебі, білімді, тәрбиелі ұрпақ қана елінің мақтанышы, сүйеніші бола алады. Бүгінде студенттер білім алумен шектелмей, қоғамдық жұмыстарға да белсенді араласады. Бұл – тұлға болып қалыптасудың алғашқы баспалдағы. Университет қабырғасындағы алғашқы жылдан-ақ оқуда үздік нәтежие көрсетіп, білім ордасының, жалпы қаланың қоғамдық өміріне белсене араласқан білімді жастардың бірі – Жаннұр Біләлқызы.
Ол Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті Инженерлі-технологиялық институты Су шаруашылығы және жерге орналастыру кафедрасының «Жерге орналастыру» мамандығының 2 курс студенті.
Университет табалдырығын аттаған бой да, өзінің белсенділігімен, ізденімпаздығымен білімгерлер арасында ерекше көзге түсіп келеді. Қазір өзі 2 курста оқыса да, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті Инженерлі-технологиялық институтының студенттік кеңес төрағасы.
Белсенді жастардың қашанда қай ортада болмасын бағасы биік болары сөзсіз. Жас та болса, бас болып осындай үдеден шығып жүрген Жаннұрдың бағындырған белестерін де ауыз толтырып айтуға болады. Сабақта үлгерімі жақсы, қоғамдық жұмысты да қатар алып жүрген қаршадай қыздың марапаттары да жетерлік.
Атап айтсақ, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің проректоры Базартай Жандос Нұртайұлының, «AMANAT» партиясы «Jastar Ruhy» ЖҚ Қызылорда облыстық филиалының төрағасы Медет Жорабектің, «AMANAT» партиясы Тұран филиалы атқарушы хатшысы Назаров Есенжол, облыстық Жастар ресурстық орталығының директоры Талғат Тілестің, Инженерлі-технологиялық институтының директоры Абжалелов Бақытбек Байдосұлының алғыс хат, дипломдарымен марапатталған. Сондай-ақ былтыр «Жылдың үздік волонтеры» деген номинацияны иеленді.
Жалпы, волонтер – қайырымдылықтың бір қанаты. Ерікті болу ерлікпен тең. Бүгінде Жаннұр сияқты жастардың өз еркімен қоғамға пайдасын тигізуді көздейтін еріктілердің қатары жыл санап артып келетіні қуантады.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!