Астанада ҰҚШҰ кеңесінің өтуіне байланысты 27-28 қараша күндері студенттердің кейбірі үшін сабақ онлайн өтеді, – деп хабарлайды Massaget.kz.
Ғылым және жоғары білім министрлігінің қоғаммен байланыс департаментінің директоры Олжас Беркінбаевтың сөзінше 27-28 қараша күндері:
- 4 ЖОО қашықтан оқиды;
- 2 ЖОО сабақтарды ішінара қашықтан өткізетін болады;
- 2 ЖОО студенттерді демалысқа жіберіледі (1-ші триместр);
- 5 ЖОО дәстүрлі офлайн оқыту форматында қалады.
Ол жоғары оқу орындарының шешімдері академиялық саясатына сәйкес дербес қабылданатынын атап өтті.
Еске салайық, шетел мемлекет басшыларының қатысуымен өтетін ҰҚШҰ ұжымдық қауіпсіздік кеңесі отырысын өткізу және оған әзірлік аясында 27-28 қарашада елорда көшелерінің жекелеген бөлігінде көлік құралдарының жүруіне уақытша шектеу қойылады.
Дайындық шараларында ҚР арнаулы мемлекеттік, құқық қорғау және Қарулы Күштер ресурстарын, оның ішінде әскери авиация мен техниканы пайдалану көзделген.
Сонымен қатар 27 қарашада Астана қаласы аспанында ҚР ҚМ майдан авиациясының ұшуы жоспарланған.
«Елорда тұрғындары мен қонақтарынан халықаралық деңгейдегі маңызды оқиға уақытында өткізілетін қауіпсіздікті қорғау шараларына түсіністікпен қарауды сұраймыз», – делінген хабарламада.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!