Жексенбі, 22 желтоқсан, 16:55

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

Тәлім ұясының бағбаны

10.04.2021

1143 0

Балаға бақыт сыйлайтын мамандық­тардың бірі әрі бірегейі – тәрбиеші. Тәрбиеші болудың өзі бақыт. Ананың әлдиімен оянған сәби әр күнін балабақшада тәрбиешілердің жылы алақанында жал­ғастырып, сол жылумен өмірге қадам баса білсе, бұл әрбір тәрбиеші жұмысының жемісі. Ана алақанының жылуын сезініп өскен ұрпақтан жаман қасиет шыға қоймас, сірә. Ұрпақ тәрбиелеу жолына өмірінің 20 жылын арнаған бүгінгі кейіпкеріміз – Қалдан Тұяқбаева. Ол бүгінде қаладағы «Алпамыс» балабақшасында тәрбиеші. Кейіп­керіміз «Қызылорда облысының білім беру саласын дамытуға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен марапатталған.

– Әр бала – қайталанбас тұлға. Бәрі бір-бір үйдің еркесі, олардың мінез-құлқы да әртүрлі. Неше бүлдіршін болса, сонша мінез бар. Біреуі табиғатынан тұйық, ойын ашық жеткізе алмайды, енді бірі еркетотай, қыңыр болады, ондай балаға жекіп ұрыспай, керісінше оның өмірге деген қызығушылығын, ынтасын арттыра білу керек. Алақанға салып аялап отырған әр баланың мінезін табу да қиынның қиыны. Кейбіреуі үйдегі еркелігін бала­бақшада көрсетеді. Ондай жағдайда не істейсің, баланың аты бала. Біз елдің ертеңгі азаматтарын тәрбиелеудеміз. Біз жас ұрпаққа қазыналы да бай ана тілін сіңірудеміз. Тіл арқылы бала бойына ұлттық құндылықтарды, дәстүр мен салтты, ұлтымызға тән ізгіліктерді, жалпы адамзатқа ортақ өркениеттік ұстанымды үйретудеміз, – дейді Қалдан апай.

Кез келген ұлттың болашағы – ұрпақтың тәрбиесімен ұштасып жатыр. Өскелең ұрпақты тәрбиелеудегі бірден-бір орта – білім беру мекемесі. Соның ішінде мектепке дейінгі тәрбиенің орны бөлек. Өйткені балабақша бала тәрбиесінің, бала мінезінің қалыптасуына, мүмкіндігінің ашылуына үлкен әсер ететін орта. Сондықтан да осы бағытта мемлекеттік қамқорлық соңғы жылдары ұлғайып келе жатыр.

Расында да, тәрбиеші кез келген жағ­дайда ұстамды, шыдамды, әділ әрі мейірбан болуы керек. Кейіпкеріміз де уақыт талабына сай жаңаша әдіс-тәсілдерді меңгеріп, уақытты ізденіспен өткізуге тырысатындығын айтады. Өз мамандығына берілген, тәуелсіз елдің ұрпағын тәрбие­леуде барынша адал еңбек етіп жүрген Қалдан Тұяқбаева көпке үлгі. Бір сөзбен айтқанда, бұл кісі жай тәрбиеші емес, тәлім ұясының бағбанына айналған жан.

Екі қыз өсіріп, тәрбиелеген Қалдан Тұяқбаева отбасында ардақты ана, аяулы жар. Жұмыстан кейін үйіне, таңертең балабақшаға асығатын тәр­биеші өзін бақытты санайды. Шынында да, ұрпаққа тәрбие беру, білім нәрімен су­сындату екінің бірінің қолынан келе бермейді.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: