Ұстаз – деген ұлы есімді естігенде көз алдымызға жарқын мінезді, ақ жүректі, жылы жүзді бейне елестейтіні сөзсіз. Ұстаз бейнесі – шәкірт үшін адамгершіліктің ең жоғарғы үлгісі болып қала беретіні анық. Қасиетті мамандықтың қадірін түсірмей жүрген асыл жанмен жақында жүздесудің жолы түсті. Бала тәрбиелеуде үздіксіз қызмет етіп келе жатқан Роза Күзембаева қаламыздағы №5 мектеп-лицейдің орыс тілі мен әдебиеті пәнінің педагог-шебер санатты мұғалімі. Өз ісіне берілген, шәкіртінің жанына нұр құя білген Роза апайдың көзқарасынан-ақ баланы оқытуды жек көрмегені байқалып тұр. Мұны өзінің сөздері де дәлелдей түсті.
– Мен мұғалім болуды бала кезден армандадым. Әкем мұғалім болды. Сол кісінің мамандығын және оқушыларға деген құрметін, ізгі-ілтипатын байқап қызығатынмын. Әкемді құрмет тұтып еліктедім. Сонымен қатар өзім оқыған №3 мектептің ұстаздарының оқушыларға деген қарым-қатынасы, ортаны тануы адам қызығарлықтай еді. Мектептегі ұстаздарым құрмет тұтар тұлғама айналды. Сол уақыттан мен ұстаздық жолды таңдаймын деген шешімге келдім. Оқушыларды дәл солардай жақсы көретініме сенімді едім. Бала қиял сол мақсатты орындауға жетеледі, – дейді ол.
Роза Асылбекқызы бүгінде ұлағатты ұстаздар қатарында. Талай шәкіртті білім қайнарымен сусындатып, қанатын қатайтып, мектеп қабырғасынан ұшырды. Бойына өмірден біліп-түйген тәжірибесін сіңірді.
– Әр оқушы – бір әлем. Әрқайсысының мінезі әр түрлі, қабілеті сан алуан. Барлығына көңіл бөліп, әрқайсысын тұлға ретінде қалыптастыруға қажыр-қайрат, төзім керек. Сондықтан балалардың болашағы үшін аянбай еңбек етуге тырысамыз. Бірнеше жылдық еңбек жолымда алдымнан неше түрлі оқушылар өтті. Сынып жетекшісі болудан босаған емеспін. Осы уақытқа дейін 4 сыныпқа жетекшілік етіп, оқушыларды үлкен өмірге шығарып салдым. Адамның бес саусағы бірдей емес қой. Сол сияқты оқушыларым да бір-біріне ұқсамайды. Бір ерекшелігі байқалып тұрады. Бірақ барлығын да жақсы көріп, білім нәрімен сусындату әрбір ұстаздың міндеті. Менің алдыма келген оқушының өміріне азық болар білімді ала кетуі еш нәрсемен салыстыруға келмейтін үлкен ұстаздық рахатқа бөлейді, – дейді Роза апай ағынан жарылып.
Ұлағатты ұстаз орыс тілі мен әдебиетіне қызыққан шәкірттеріне сапалы білім беруге көңіл бөліп, талай жас маманға жол көрсетті. Осылай еңбек етіп жүргенде 27 жылдың қалай өтіп кеткені де байқалмады. «Адамның адамшылығы – ақыл, ғылым, жақсы ата, жақсы ана, жақсы құрбы, жақсы ұстаздан болады», – деп Абай айтқандай, Роза Күзембаева өрендерді нағыз адам болуға лайықтап тәрбиелеуде. Расында, төгілген тер, еткен еңбек міндетті түрде жемісін береді. Оған дәлел, оның шәкірттері бергі жылдардың өзінде жетістіктерге қол жеткізген. Мәселен орыс тілі мен әдебиеті бойынша көптеген халықаралық, республикалық, облыстық қашықтықтаң ұйымдастырылған олимпиадалардың жеңімпаздары мен жүлдегерлері. Атап айтсақ, Ли Максим – республикалық лингвистикалық олимпиаданың жеңімпазы, Элина Байбатырова – республикалық ғылыми жобалар олимпиадасының «Тіл білімі» секциясы бойынша диплом иегері, Мухайо Ашурова – Қорқыт ата атындағы ҚУ 11 сынып оқушылары арасында өткен облыстық орыс тілі мен әдебиеті олимпиадасының диплом иегері және Римма Хисматулина – республикалық ғылыми жобалар олимпиадасының «Тіл білімі» секциясы бойынша диплом иегері.
– «Адамның бір қызығы – бала деген, баланы оқытуды жек көрмедім» деп хәкім Абай айтқандай, мұғалімдіктің де өз қызығы бар. Бірақ қиындығы да аз емес, соны жеңе білген жан ғана шәкірт жүрегіне жол табады. Мен үшін оқушының сапалы білім, тәлімді тәрбие алуы маңызды. Шәкірт жетістігі – ұстаздың ерен еңбегінің нәтижесі, мұғалім мерейі. Бастысы – өз пәніңе деген білім шырағын жаға білу керек. Әрбір ұстаздың жетістігі – шәкірттің табысқа жетуі. Егер әрбір мұғалім өз білгенін алдындағы шәкіртіне үйретіп, сол берген білімі оқушының болашақ өміріне ықпалын тигізсе, міне, тәлімгердің жетістігі сол болады. Ұстаз жетістігінің шәкірт табысымен өлшенуі педагогикада қадым заманнан бері қалыптасқан заңдылық, – дейді ол.
Ізденіспен, терең оймен еңбек еткеннің нәтижесінде ұлағатты ұстаз көптеген жетістікке қол жеткізді. 27 жыл ішінде еңбегі елеусіз қалған жоқ. Оның бәрін тізбектеп шығу мүмкін емес. Мәселен, 2019 жылы ҚР Білім және ғылым министрінің «Құрмет» грамотасымен марапатталды. Сонымен қатар 2020 жылы ұстаздық қызметтегі ерен еңбегі ҚР Президентінің мемлекеттік және қоғамдық қызметтегі еңбегі, елдің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына, халықтар арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға қосқан үлесі үшін «Құрмет» грамотасына лайық деп танылды.
Дегенмен, ол үшін 2022 жыл жемісті болды. Биыл облыстық тамыз кеңесінде Роза Асылбекқызына «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісі тағылды. Сондай-ақ «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығының «Құрмет» грамотасымен марапатталды.
Үздік еңбегі үшін облыс, қала әкімдерінің, түрлі қоғамдық және білім беру ұйымдарының «Құрмет» грамоталары мен алғыс хаттары да бар.
– «Ұстаз болу – жүректің батырлығы» деген. Мұғалім болған соң мойныңа шәкірт тәрбиелеудің ауыр міндеті артылады. Мұғалім – ол жай ғана мамандық иесі емес. Ол – адал, әділетті, өз бойына бар жақсылықты жиған, өз білгенін басқаға сарқып беретін мейірімді жан. Ұстаз білгенін үйретуші ғана емес, тұла бойы тұнған өнеге, ақ тілеулі ана тәрізді барлық адамның бойынан жақсылық іздейтін ізгі ниет иесі, – дейді ол.
Роза Күзембаева ұстаздық қызметпен қатар орыс тілі мен әдебиетінен ҰБТ, КТА, ГАШТ тест тапсырмаларын әзірлеуші және сарапшы, республикалық апелляциялық комиссия мүшесі, облыстық, қалалық және ҰБТ апелляциялық комиссияларының мүшесі, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің филология факультеті студенттерінің дипломдық және ғылыми жұмыстарына рецензент қызметін атқарады. Сондай-ақ «Мәтінді жан-жақты талдау», «Орыс тілінің грамматикасы, Теория және практика, «Көңілді лексика» «Тыныс белгілерінің қиын сұрақтары» сынды көптеген авторлық құқық бағдарламасын шығарған.
Иә, шәкірт жүрегіне жол тауып, ұлағатты ұстаз атанып жүргендер баршылық. Дегенмен еңбегі зор құрметке лайық ұстаздарды насихаттағанды жөн көрдік. Себебі қала бойынша еңбегі бағаланып, көп ішінен дара шыққан ұстаз қандай құрметке болса да лайық.
Суретті түсірген
Нұрболат НҰРЖАУБАЙ
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!