Дүйсенбі, 25 қараша, 00:44

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№93 – 2103
23.11.2024
PDF мұрағаты

«Талғамы бар мұғалімнің сөзі өтімді». Стилист педагогтерге кеңес берді

31.08.2023

669 0

Мұғалімнің сырт келбеті қандай болуы керек? Арнайы киім формасы бекітілген білім беру мекемелерінде жұмыс істейтін педагогтерге қалай сәнді көрінуге болады? Мұғалім гардеробында қандай киімдер міндетті түрде болуы керек? Педагог үшін сырт келбет пен беделдің қатысы бар ма? Massaget.kz бұл туралы стилист Бұлбұл Қалқанбаевамен сұхбаттасты. Сән маманы педагогтерге сәнді көріну үшін бірнеше кеңес берді.

Бұлбұл Қалқанбаева мұғалімнің гардеробы қандай болуы керегін айтты.

«Трендті мектепке, декретке, дәрігерге қатысты деп бөле алмаймыз, бірақ жалпы мұғалімнің гардеробы – актуал пішімді, трендтен тыс, маусымнан маусымға көшсе де сәннен қалмайтын базалық киімдер жинағы. Соның ішінде былтырдан, әсіресе, биыл актуал болған киім – жилет. Мұғалімдер жартылай қынама, ұзынша келген жилеттер немесе тік пішімді ерлер костюміне ұқсас жилеттер кие алады. Алайда педагогтер трендтегі кез келген киімді киіп алса, ыңғайсыз болады. Өйткені олар өз ортасына сай болуы керек. Олардың сәні балаларға түрпідей тимеуі керек, ата-аналарға ерсі болмауы керек. Бір сөзбен, нормаларға сай, бірақ олар адам тамсанатын сән қалыптастыру керек. Мұғалім олпы-солпы киінбеуі керек», – дейді сәнгер. 

Маманның айтуынша, кез келген киімнің матасына баса назар аударған жөн. 

«Жас мұғалімдер маған «біздің құзырымызда емес, бірақ бәрімізге бірдей форма тіктіріліп жатыр» деп жазып жатады. Көбіне олар ұнаймайтынын айтып шағымданады. Бірақ мұғалімдер формадан бөлек жалпы жыл көлемінде басқа да киім киеді ғой. Сол кезде өзінің образы арқылы сәнді көрінуге болады. Тіпті ақ, қара және сұр түс  арқылы әдемі көрінуге болады. Ол үшін жейдеңіз болбыр болмауы керек, форманы ұстауы керек, түймелері де жейденің үлгісіне сәйкес болуы керек, одан бөлек жейде денеге жабысып тұрмауы керек. Ал белдемше аяқтағы проблемалы аймақтарды жауып тұру керек. Белдемшенің ұзындығы тізені жабар-жаппас емес, тізеден 1-1,5 қарыстан қарай тобыққа дейінгі аралықта болуы керек. Әрине, макси белдемшелер де сәнде. Пиджактың жеңі 3/4 болмауы керек, мойын ойығы кіндік тұсына дейін түсіп тұратындай ұзын болмауы керек, фигура ерекшелігіне сай болуы керек. Талғаммен киіну және талғамсыз киінудің құны бірдей», – дейді маман. 

Сәнгердің айтуынша, егер білім беру мекемесінде арнайы форма болмаса, онда мұғалім белдемше мен шалбарды сарафан немесе классикалық көйлектермен алмастыра алады. Ол қандай түсті киімдер классикалық сәнде екенін бөлісті. 

«Көбіне әр мектептің өз дресскоды (киім үлгісі – еск.) бар. Бірақ егер дресскод болмаса, онда көз ауыртпайтын, классикалық түстегі киімдерді таңдаған дұрыс. Жалпы офис дресскодының түстері бар: қою көк, қара, бордо, шоколад немесе зүбәржат. Бәрі талапқа байланысты», – дейді ол. 

Стилист мұғалім гардеробында болуы керек «Топ-3» киімді атады. 

«Сапасы жақсы костюм-шалбар немесе костюм мен белдемше. Себебі шалбар тек жакетпен жақсы үйлесіп тұрмауы керек. Шалбар жейдемен де, классикалық футболкамен де, басқа жилетпен немесе кардиганмен де үйлесетіндей болуы керек. Жакетті де басқа шалбармен, белдемшелермен үйлестіре білу керек. Мұғалімге керек тағы бір сапалы жақсы киім – тренч немесе пальто. Көбіне мұғалімдер әдемі көйлекпен пішімі сәннен шыққан пальто, парка киіп алады. Сырт киімнің де ұзындығына назар аударған жөн. Негізі базалық екі ұзындық бар: жилеттің ұзындығындай және тобық тұсына жететін киім. Үшіншіден, жақсы аяқкиім. Негізінде дұрыс гардеробтың заңдылығы бойынша, бір шалбарға немесе белдемшеге үйлесетін 3-4 киім болуы керек. Одан киімдер капсуласын (жиынтығын – еск.) жасауға болады. Мәселен, шалбар мен белдемшеге шалбардың жакеті, жейде, жилет, лонгслив, кардиган келеді. Одан басқа, айырбастап киетін жақсы 1-2 аяқкиім, жақсы тренч пен пальто, сосын актуал сөмкемен үйлестіруге болады», – дейді ол.

Стилистің айтуынша, киімге талғамы жақсы мұғалім талғамы жоқ мұғалімге қарағанда беделді. Сырт келбеттің үйлесімді болуы жақсы көңіл-күй, сенімділік, жұмысқа деген шығармашылық шабыт сыйлайды.

Киімге талғамы жақсы мұғалімнің артықшылығы көп. Қазіргі заманда адамның білімі сырт келбетіне сай болуы керек. Бұрын «сұлуынан жылуы» деп келсек, қазір сұлуы да, жылуы да бір-біріне сай болуы керек. Сондықтан адамның жетістікке жетуіне сырт келбет әсер етеді. Ал оқушы әлемді мұғалім арқылы таниды. Педагогтің сөзіне ісі, сырт келбеті сай болса, беделі де өседі. Қазір оқушыға тек біліммен бірнәрсе мойындату қиын. Олар білімді ғана құндылық деп санамайды. Оған қоса педагогтің шешендік өнерін де, өзін ұстауы да, құрметін де, талғамын да аңғарады. Мұғалім оқушыны баурап алғысы келсе, бір арнада болғысы келсе, сырт келбеттің үйлесімді болуына назар аударуы керек. Талғамсыз мұғалімге қарағанда, талғамы бар мұғалімнің сөзі өтімді. Ондай мұғалім ортасында беделді», – дейді стилист. 

Айта кетейік, бұдан басқа Бұлбұл Қалқанбаева алғашқы қоңырауға ата-аналарға қалай киінуге болатыны туралы кеңес берді. 

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: