Санаулы күндерден кейін биылғы мектеп бітірушілердің білім деңгейін анықтайтын ұлттық бірыңғай тестілеу басталады. Он бір жылдық жиған ілімнің нәтижесі нақтыланады. ҰБТ – әрбір жас түлектің жаңа өмір жолындағы алғашқы асуы болса, білім ошақтары үшін бәйге. Бағы жанғандарды анықтайтын сын сағаты жақындаған сайын ЖОО-ға түсуге талпынған ақ қанатты армандардың жүрегі лүпілдеп, көңілдері елеңдеп бір мазасыз күйге түсетіні мәлім.
Аймағымыздағы мектептер бойынша осы оқу жылын 8 мыңға жуық оқушы бітіреді. Олардың ішінде 7508 түлек ҰБТ-ға қатысады деп күтілуде. 14 мамырға дейін Ұлттық бірыңғай тестке өтініш жасау электронды форматта қабылданады. ҰБТ және барлық деңгейдегі олимпиадалар электронды форматқа көшірілген. Облыстық білім басқармасы басшысының сөзіне сүйенсек, мұның ең басты артықшылығы барлық процестің ашықтығы мен азаматтарға қолайлы жағдай жасалуында.
– ҰБТ-ға өтініштердің басым көпшілігінің электронды форматта тапсырылуы азаматтар арасында сұранысқа ие болды. Өтінішті қабылдау 28 сәуір мен 14 мамыр аралығында app.testcenter.kz сайтында жүргізілді. Биыл түлектерге тест тапсыруға және грантқа түсуге екі мүмкіндік беріледі. Яғни тек бір бейіндік пәндер комбинациясын таңдай алады. Пәндердің санында өзгеріс жоқ. Ең жоғарғы ұпай саны – 140. Түлектердің сынаққа дайындалуы үшін Ұлттық тестілеу орталығының тегін онлайн-сынақ тестілеуі іске қосылған. Сонымен қатар Ұлттық тестілеу орталығымен бірлесіп әзірленген білім беру орталықтарының тегін онлайн сабақтары жалғасып жатыр. Ал ерекше білім беруді қажет ететін талапкерлерге қолайлы жағдай жасалады. Олар үшін алғаш рет негізгі 240 минутқа қосымша тағы 40 минут берілді. Сонымен бірге олар үшін тест нұсқалары суреттерсіз, диаграммаларсыз және сызбаларсыз әзірленген, – дейді облыстық білім басқармасының басшысы Ақзира Бақтыбайқызы.
Ескеретін жайт, академиялық адалдықты сақтау үшін талапкерлердің тест нұсқасы таңбаланады. Ережелерді бұзған және тест тапсырмаларын аудиториядан тыс жерге шығаруға тырысқан жағдайда, Ұлттық тестілеу орталығы ереже бұзушыларды анықтап, оның тест нәтижелерін жояды. ҰБТ кезінде компьютер экранында калькулятор, Менделеев кестесі және металдардың бірқатар белсенділігі қосылған тұздың ерігіштігі кестесі қолжетімді болады.
Үміткерлер тестілеу аяқталғаннан кейін 30 минут ішінде апелляцияға өтініш бере алады.
«Бап шаба ма, әлде бақ шаба ма?» дегенімізбен бұл сынақ олар үшін – маңызды. Бағы жанғандардың қуаныштары қойнына сыймай, төбелері көкке жете жаздаса, сыннан сүрінгендердің көбі қамығып, күйзеліске ұшырап жатады. Сондықтан бұл сынаққа ақыл-ойдың сергектігі, жинақылығы және жүйелі ой еңбегі қажет. Білімге деген шын құштарлық пен құрмет, жігерлі сілкініс пен ізденісті талап етеді. Қатаң тәртіпке бағыну, өзіңді-өзің үздіксіз қамшылауың керек. Білімдінің өрісі қашан да кең болары тағы анық.
Айтолқын АЙТЖАНОВА
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!