Жексенбі, 22 желтоқсан, 16:27

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

Үздік атанған Диляра

03.04.2021

1943 0

Әр мамандықтың өзіндік қиын­дығы бар екені рас, бірақ мұғалім болу – үлкен жауапкер­шілік. Өйт­кені ол – адам тағдырына жауапты. Бала шақтан болашаққа, балалықтан даналыққа дейінгі аралықта өтетін құбылыстың барлығы өз бастауын мұғалімнен алады. Бір-бір үйдің еркесін қолынан ұстап, маңдайынан сипап, бауырына қысып, оларға шеті мен шегі көрінбейтін білім атты дарияның алғашқы тамшысынан дәм татқызып, уақыт өткен сайын оның тереңіндегі небір асыл мар­жандарын тергізіп, рухани ләззатқа бөлейтін мұғалімді тіршіліктің күретамыры десе де болады.

Мұғалімдік – мамандық атаулының бастауы. Мейлі ой, мейлі дене еңбегімен айналы­сатындардың қайсысы болса да өзінің бағындырған биігінің ал­ғашқы баспалдағын мұғалімнің көмегімен аттап, биік шыңына да мұғалімнің демеуімен көтері­летіні ақиқат. Сондықтан да бүтін бір ұрпақты білім нәрімен сусындататын ұстаздар қауымына қандай құрмет көрсетсек те артық болмайды. Қаламыздағы №2 Абай атындағы үш тілде оқытатын дарынды балаларға арналған мектептің мұғалімі Диляра Каримова талай шәкіртті қанаттандырған ұстаз. Ол «Қы­зылорда облысының білім беру саласын дамытуға сіңірген еңбегі үшін» төс белгісімен мара­патталған. 21 жыл педагогика са­ласында қажырлы еңбек етіп келе жатқан ұстаз география пәнінен дәріс береді.

Диляра Эрикқызы Білім және ғылым министрінің алғыс хатымен, облыстық білім басқармасының Құрмет грамотасымен, қалалық білім бөлімінің алғыс хатымен, 2012 жылы «Жұлдызды жыл ұстазы» аталымымен марапатталған. 2014 жылы «Әкім грантының» иегері атанса, өткен жылы Білім және ғылым министрінің «Құрмет» грамотасын иеленген. 

– Ұстаздың аялы алақаны барша ұлтты тәрбиелейді десек артық емес. Себебі жас буыннан күтер үміттің ақталуы педагогтардың ерен еңбегіне тәуелді. Білім тұ­рақтылықты, орнықтылықты ғана емес, тазалықты да керек ете­тіні белгілі. Білім ордасынан түлеп ұшқан әрбір шәкірт оқуын тәмам­дап, жұмысқа орналасып, өмірде адаспай өз орнын тапса, біз үшін үлкен жетістік, – дейді кейіпкеріміз. 

Диляра Эрикқызының шәкірт­тері бүгінде республикалық, об­лыстық додаларда топ жарып жүр. Бірі жоғары оқу орындарына грантқа оқуға түссе, өзгесі шетел асып, білім алуда. Оған ұстаздың да марқайып қалатынына көзіміз жетті.

Мұғалім – еңбекқор қауым. Әр баланың жүрек қалтарысындағы иірімдерді дәл тауып, көңіл пер­несінің әуенін дөп басып, көкейіндегіні көзінен танитын мұғалім кімнің болса да жанашыр досы. Мұғалім – уақыт пен кеңістік арасындағы құбылысты бағындырып, заман көшінен кейін қалмай ілгері жылжып келе жатқан ұлы керуеннің көшбасшысы. Мұрагер мектебінде шәкірт тәр­биелеп жүрген Дилярадай мұға­лімнің бойынан ұлтқа деген қамқорлық, балаға деген мейірім көрдік. Шәкірттері мақтан тұтатын ұстазға алдағы уақытта абырой тілейміз.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: