Жұма, 27 желтоқсан, 00:51

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№101 (2111)
24.12.2024
PDF мұрағаты

Ұлағатты ұстазға құрмет

24.09.2022

1322 0

Иә, ұстаз аты биік әрі мәңгілік. Ұстаз берген тәрбие әрбір жанның өміріне жол сілтер шамшырақ секілді. Ғалым да, ел қорғаған батыр да, тілінен бал тамған ақын да, тегеуріні темір балқытқан жұмысшы да бәрі-бәрі ұстаздан білім, тәлім алған. Дана халқымыз «Мұғалім мамандығы – барлық мамандықтың анасы» дейді. Кіш­кентай бүлдіршінге білім әлеміне қанат бітіріп, ғылым әлеміне жол ашқан ұлағатты ұстаздардың ерен еңбегі зор. Бүгінгі ұлағатты ұстаз өмір жолын осы мамандыққа арнаған. Ол алтын ұя мектебін бітіріп, мұғалім болып қызмет етуден еңбек жолын бастаған. Осы үлкен міндетті ұзақ жылдар бойы абыроймен атқарған ұлағатты ұстаз Мылтықбай Байымбетов биыл мерейлі 70 жасқа толды.

Қалалық білім бөлімі мен қалалық кәсіподақ комитетінің ұйымдастыруымен Ә.Мүслімов атындағы №101 мектеп-лицейде ардагердің мерейлі жасы аясында шығармашылық кеш өтті.

Тағылымды шараға қала әкімі­нің орынбарасы Ақзира Қасымова, қалалық білім бөлімінің басшысы Ерлан Боданов және сала ардагерлері қатысты.

Мерекелік шарада ұстазға құр­мет көрсетіп, сый-сияпат жасады. Ақзира Бақтыбайқызы ардагерге қала әкімінің құттықтауын табыс­тап, шапан жапты.

Мылтықбай Мұстафаұлы 1952 жылы  Қостанай облысы, Жетіқара қаласында дүниеге келген. Еңбек жолын 1973-1978 жылдар аралығында Қызылорда облысының Қазалы ауданындағы №102, 104 орта мектептерінде «Тарих» пәнінің оқытушысы ретінде бастаған. 1978-1979 жылдар аралығында Қызылорда облысы Сырдария ауданы Иіркөл ауылында №101 орта мектебінде «Тарих» пәнінің мұғалімі, 1983-1995 жылдар ара­лығында аталған оқу орнында директордың оқу-тәрбие ісі жөнін­дегі орынбасары, 1995-2016 жылдары зейнет жасына дейін Қызылорда қаласына қарасты Бірқазан елді мекеніндегі №145 орта мектептің директоры болып қызмет атқарады. Осы мектепте ширек ғасыр директор қызметін адал атқарып, шығармашыл ұжым қалыптастырды. Мәселен, оқу­шылардың білім сапасын жо­ғарғы деңгейге көтерді. Ауыл тұрғындары арасында патриоттық тәрбиенің деңгейін көтерді. Соғыс ардагерлеріне арнап «Тағзым алаңының» ашылуына еңбегін сіңірді. Бірқазан ауылының бай тарихын зерттеп, кітап басып шығару жолында еңбектенді.

Ардагер ұстаздың осы жыл­дардағы еңбегі елеусіз қалған жоқ. Ол 2012 жылы Қорқыт ата атындағы Қызылорда мем­лекеттік университетінің 75 жыл­дық мерекелік медалімен мара­патталды. Сонымен қатар білім саласының дамуына қосқан зор үлесі үшін ҚР Білім және ғылым министрлігінің құрмет грамотасымен және бірнеше рет облыс, қала әкімдерінің құрмет грамоталарымен, облыстық білім басқармасы және қалалық білім бөлімінің мақтау қағаздарымен марапатталған. 2016 жылы ұстаз-ардагерлердің ұсынысымен қала­лық білім бөлімі жанындағы «Ардагер – ұстаздардың қоғамдық бірлестігінің» төрағасы болып сайланды.

Ұстазды ұлықтау шарасында Мылтықбай Мұстафаұлының өмі­рінен сахналық қойылым қойыл­ды. Кеш қонақтары оның атқарған қызметтеріне тоқталып, ұстаздық жолындағы абыройлы еңбектерін бүгінгі ұрпаққа паш етті.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: