С.Толыбеков атындағы №3 ІТ мектеп-лицейінде «Біртұтас тәрбие бағдарламасы» аясында «Ұлттық дәстүр — тәрбие көзі» тақырыбында тағылымдық кездесу ұйымдастырылды. Кездесуге қалалық ардагерлер ұйымының әр сала бойынша төрағалары, қалалық білім бөлімінің ардагерлері шақырылды.
Қарт ардагерлеріміз жас өнерпаздарымыздың өнерін тамашалап, жаңа ғимараттың құрылымымен танысты. Қазыналы қарттарымыздың өнегелі өмірі мен ұлттық құндылықтарымызды ұштастыратын дөңгелек үстел ұйымдастырылып, оқушылармен тағылымды кездесу кеші өтті. Кездесу барысында қалалық білім бөлімі жанындағы ұстаз ардагерлер ұйымының төрағасы Мылтықбай Мұстафаұлы келушілерді таныстырып, іс-шарамызға сәттілік тіледі.
Дөңгелек үстел барысында ата-әжелерімізбен ұлттық құндылықтарымыз жайында әдемі әңгіме өрбіттік. Аталарымыз бен әжелеріміздің немерелерімен қарым-қатынасы, бала тәрбиесіндегі ата мен әженің рөлі, бүгінгі күні балаларды мақал—мәтелдің мағынасы мен мәнін ұғынуға тәрбиелеу туралы әңгімелеп, ұлттық құндылықтарымыздың бірі болған ұршықтың бір өзі сәнді киімдер мен бұйымдардың фабрикасы болғаны айтылып, әжелер ұршықты иіріп көрсетті.
Әжелеріміз шашбау мен шолпының қыз баланың өміріндегі мәні, мағынасы, денсаулыққа пайдасы жайлы сыр шертті. Қазақтың шаш өру мәдениеті жөнінде тағылымды мысал айтты. Қазақтағы қасиетті сандардың мәнін түсіндіріп, қадір-қасиетін сөз етті. Қазыналы қарттарымыз жастарға бата беріп, Қалалық Ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары, Құрмет ордені иегері, Алтынсарин медалінің иегері Кулай Сағындыққызы қорытынды сөз сөйлеп, ризашылығын жеткізді.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!