Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының ұйымдастыруымен Қазақстан халқы тілдері күні мен ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының туған күніне арналған «Қазақ тілі — ғылым мен технология тілі» тақырыбында республикалық конференция өтті.
Конференцияның ресми бөлігінен соң министр де, депутат та диктант жазды. «Тіл-Қазына» ұлттық орталығы мен Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы бірлесіп, «Ұлттық диктант» жобасын ресми түрде іске қосты. Енді бұдан былай диктант жазу дәстүрі жыл сайын дәл осы күні ұйымдастырылып тұрады.
— Бұл дәстүрлі жыл сайын өткізілетін диктант болады. Осы тіл күніне орай жыл сайын қайталанып келеді. Әрине тілдің болашағы цифрлық болмысқа тікелей байланысты. Кез-келген тіл «тірі» қаламын десе жасанды интеллект дәуірінде сол цифрлық форматқа бейімделуі керек, — дейді, Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек.
Диктантты белгілі диктор Қымбат Досжан жүргізді. Диктант мәтіні қазақ әдебиеті классиктерінің шығармаларынан таңдалды. Қатысушыларға баға қойылмайды, әркім өз сауаттылығын өзі тексереді.
Айта кетейік, әр азамат өз сауатын офлайн және онлайн түрде тексере алады. Онлайн нұсқасы www.til.kz сайтында қолжетімді. Қатысушыларға электронды алғыс хат пен KITAP платформасына тегін жазылым ұсынылады.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!