Биылғы оқу жылы – біз үшін ерекше. Әр күніміз маңызды шешімдер мен болашаққа жоспар құруға арналуда. Мәселен, мектебімізде мәжіліс депутаты Мұрат Нәлқожаұлымен өткен кездесу – мен үшін ұмытылмас сәт болды.
Кездесу барысында Мұрат Нәлқожаұлы болашағымызға зор сенім білдіріп, бізге үлкен үміт артып отырғанын айтты. Ол тек жақсы оқып қана қоймай, көркем әдебиетті көп оқу – рухани және тұлғалық дамуға жол ашатынын ерекше атап өтті.
«Әлемдік және отандық әдебиеттерді көп оқыған адам жан-жақты дамып, өзіне сенімді болады. Кітап – баға жетпес қазына», – деген сөзі менің жүрегіме жетті. Себебі өзім де кітапты жақсы көремін. Ой-өрісімді кеңейткен, болашағымды айқындауға себеп болған – осы көркем әдебиет.
Мұрат аға біз оқитын мектептің «Оқитын мектеп – табысты мектеп» жобасы аясындағы жұмыстарын жоғары бағалап, түлектерге сәттілік тіледі.
«Ел болашағы – білімді ұрпақтың қолында», – деген сөзі бізге үлкен жауапкершілік жүктеді.
Бұл кездесу – мен үшін тек құр сөз емес, болашаққа бастар бағыт, шабыт көзі болды. Алдымызда үлкен сынақ ҰБТ тұр. Мен сол жолда бар күшімді салып, елімнің сенімін ақтауға тырысамын. Ұмытылмас сәттер осындай болады екен!
Ақлен Әбдреш,
Қызылорда қаласы
Н.Ергешбаев атындағы
№172 орта мектебі
11-сынып оқушысы

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!