Жұма, 22 қараша, 18:00

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№92-2102
19.11.2024
PDF мұрағаты

Ұстаз тағлымы

06.06.2023

609 0

Өмір – өзен, уақыт – ағын. Су секілді  тоқтаусыз ағып, байқатпай өтіп жатады.  « өткен күн, кеше – тарих, келер күн ертең – сыр, бүгінгі күн – сый», – деп Қорқыт атамыз айтқандай өмір тағылымдарын ұмытпағанымыз жөн. Тәлімі мол ұстазым деп айта алар тұлғаларды ұмытпау – көргендіктің белгісі, ал ұмыту – өшкендіктің белгісі. Өмір алдында әрқашан шәкіртпіз. Сол өмірді саралап, тағылымын түсіндірер ұстаздың алдын көрмесең, болашағың кемел бола қоймас. Адамның жаратылысында орасан күш-қайратта, мол дағды да,  ерекше қабілет те бар екені анық. Бірақ  өз-өзін тани алмай қанша адам өмірден өтеді. Өмірден өткеніне алты жылдан асса да ұстазым Мұстафа Матайұлының өмірден өз орнымызды табуға жасаған талабының жемісін көріп келеміз.

«Адамды оның істеген істеріне ғана қарап емес, сонымен бірге ізгілікке ұмтылған ниетіне қарап бағалау керек», – деген екен Демокрит. Әрбір шәкіртіне,  өзіме, менің өмірге деген көзқарасыма ықпал еткен  ниетінің  уақыт өте келе маңыздылығы артып келеді. Қалыптасқан социалистік болмыс жел қуған бұлттай ыдырап, кешегі өзіміз қабырғасын қақырата қарғаған капитализм есігімізден сығалап, төрге ұмтылғанда талайымыздың санамызды сан  ойлар тұмшалағанын көп адам жоққа шығара қоймас. Ескімен жаңаның қашанда талас-тартыста болатыны өмір заңдылығы. Бұрынғыдан бұрыла алмай, кейінгіге кіріге алмай, жан-жағымызға жалтақтап, кім не айтар екен деп, күн өткізіп біз де жүрдік.

Капитализмнің өмір заңдылығын тек қатаң жағы­нан оқып-білген ұрпақ өкілі ретінде маған, нарық тәртібі кезіндегі әрбір ұстаным туралы жылт еткен ақпарат қызық болғандықтан, іздеп оқып, жағалап семинарларға қатысып жүретінмін. Сондай бір семи­нарда лектор «көпті білудің нақты жолы қолда бар мүмкіндіктер арқылы аздан үйрену. Ең болмағанда, өз басшыңның жеке қасиеттерін зерделеп, керегін өзіңнің ұстанымыңа пайдалана бер. Қанша дегенмен, ол сенен бір саты болса да, лауазымы жөнінде де, табысы жөнінде де жоғары адам ғой», – дегені ойландырды. Ал, менің сол кезде қолым жететіні кафедра мең­герушім Мұстафа Матайұлы болатын. Содан бастап, айналасындағылардың бойынан жақсы қасиет іздеп, болашағына пайда келтірер тәуір жақтарын дамытудан шаршамайтын ол кісінің ұстанымдарын өзіме көшіруге тырыса бастадым. Бұл әрекетті кейін қай басшымен жұмыс істесем де пайдаланып келемін. Ал енді, қазір заман талабы сан өзгеріп жатқанда оның айналадағы құбылысты ұстамдылықпен саралап, алдын бағдарлаудың өрісті өнегесін көрсетіп, орнымен ұқтыра алатындығы мен ойлағаннан әлдеқайда кең екендігін кеш түсінгендей болып жүрмін.

Ол кісінің бір қарағандағы сұсы жүрген жүрісі­нен, сөйлеген сөзінен сезіліп тұратын. Студенттер түгілі, кейбір оқытушылар ретсіз ағайдың көзіне түсуге тайсақтайтын.  Алғаш жұмысқа қабылданғаннан кейін кабинетінде отырып, екі сағаттай пікір алмасты. Маған сеніп тапсыратын пәнін «Мемлекет және құқықтық жалпы тарих» екенін, оны тарихшы жүргізгені дұрыс болатынын жеткізді. «Қарапайым тілмен айтқанда, философия үнемі үздіксіз даму үстіндегі тарихи жүйе болып саналатындықтан, мен философ ретінде нақты білмесем де, қателесуге мүмкіндік бермеуге тырысамын. Мен сенің қандай оқытушы болатыныңды ашып айта алмаймын. Бірақ әр жерде қоршаған ортаның, өзара қатынастардың, қалыптасқан дәстүрдің саған беретін тәрбиесінің ықпалы зор болады. Қандай бағытта қалыптасасың, ол өзіңе байланысты, өйткені сыртқы әсерді игеретін тек қана өзің боласың. Сырттың кері әсерінен қорғана білудің бірден-бір әдісі – оны терең тани білу. Әркімнің өз жолы, өз ерекшелігі бар, оны қорғай біл, сақтай біл», – дегенді айтты. Осыдан кез келген жұмыстың басында өзіңді дұрыс бағыттаудың маңызды екенін біле бастадым.

Француз ойшылы Пьер Антуанның айтуынша, философтар тек дүниетанымымен емес, өмір сүру тәсілімен де ерекше екен. Себебі философияның өзі абстрактылы ойлаудың жиынтығы ғана емес, ол ең алдымен, ұстаным, мұрат, ойлау, ғұмыр кешу тәртібі. Осы тұрғыдан келгенде, Мұстафа Матайұлының ұстанымы, өмір сүру қағидасы, жүріс-тұрысы, орта мен қатысында айрықша көзге ұрына бермейтін, үңіле қараған кісіге тез байқалатын ерекшелік болатын. Барлық қайшылықтардан гармония, үйлесімділік таба білетін, екінің бірі түсіне алмайтын ең биік дағдыларды қарапайымдылықпен пайдалану жағдайына жеткізе алатындығы қызықтыратын. Қиналысымызды байқаса «өмір қайшылықсыз, проблемасыз болмайды. Өмір деген күрес. Күрессіз даму болмайтындығына» көзі­мізді жеткізуге күш салатын. Ересек кісілер өткендерін көп еске алады, алайда одан ұрпағына сабақ болар мүмкіндіктерді аша бермейді.  Ал Мұстафа Матайұлы өткенді кейінгілер білсін деп, ойлансын деп, сабақ алсын деп қозғайды. «Студенттерді жақсы немесе жаман деп бөлуге болмас, өйткені олар біз үшін шәкірт. Олар бізді ұстаз дейді. Шәкіртіміз дұрыс маман болып шықпаса, біздің кінәлілік үлесіміз көп. Шәкіртіміз өсіп көзге көріне бастағанда менің шәкіртім деп мақтанамыз. Ал қаншама шәкірттер көріне алмай, өз орнын таба алмай жүр, сонда олар кімнің шәкірті?» дегенді жиі айтатын.

Ұстазымыздағы ұлағаттылықты өз шәкірттері­нің талаптылығын көтеруге сіңірген еңбегінен білуге болады. Ағамыз студенттерге қоятын бағаға «сараң» болатын. «Мен бағаны аяйды деймісің, білім алуға берілген уақыт қайта беріле бермейді, өз уақытын білім алуға тиімді пайдалансын деймін ғой. Ертең бізді кім, неге оқытты деп жүрмесін деп ойлаймын ғой. Студентті кітапшадағы бағамен ғана тәрбиелеуге болмас, олардың бойында білімге деген еңбекқорлықты, ықыласты қалыптастыра алсақ ғана болашағына дұрыс жол сала аламыз», – дейтін жарықтық.

Осындайда академик Ғарифулла Есімнің «Оқуға түскен жан білім алады, білімге құштарлығы оянған адам ұстазын көреді. Білімге құштарлығы оянбаса, ол ұстазды көрмейді, сезінбейді» деген тұжырымы еске түседі. Ал, Мұстафа Матайұлы «оқытушы сту­денттердің өздері мойындаса ғана нағыз ұстаз атана алады. Нағыз ұстаздың көп мәселелерде дәлелденген жеке пікірі, ой-толғамы, түсінігі болуы керек. Өз позициясын қорғай алуы қажет», – деп жиі айтатын. Осыдан түсінгенім, жақсы ұстаз ғана өзінің  шәкіртін «қинаумен жинаған» беделі арқылы адамдардың өмір­ге көзқарасын қалыптастырып, дүниедегі орнын таба алуына мүмкіндік тудырады екен. Бұл да бір ұмы­тылмас тағылым.

Қарамағында жұмыс істеген біздер үшін тағы бір сабақ, ұстазымыздың өз-өзіне бақылау жасауы. Өзінің ұжым жетекшісі ретіндегі қызметтік парызын, шәкірттерінің алдындағы ұстаздық парызын өтеудегі адалдығы ол кісінің арына байланысты болғанын кейін түсініп жүрміз. Яғни қызметтік міндетін ары арқылы бақылап, реттеп отыратын. Бізді «үйренгендерің өздеріңе, істегендерің маған жақсы» деп жұмсайтын. Әйтпесе, Мұстекеңе жұмысыңды дұрыстап істе деп басшылар тарапынан дікілдеп тұрған ешкім жоқ болатын. Осы қасиет бүгінгі қоғамда кемшін тартып жүргенін несін жасырамыз.

Бұдан шығатыны, ұстаздың бір тобы өз пәнінен дәріс беруші ғана болса, екіншілері адамдарға жоғары деңгейде ықпал етушілер ретінде шәкірттердің санасында ұзақ сақталады. Жұмысымызға кейде жастықпен жүре қарайтын біздің мәселемізді кафедра отырысында емес, жеке шақырып алып сөйлесетін еді. Ашуланса да, ұрысып-жекімей-ақ айтар сыны сүйегіңді сындыра жаздап, сабаңа түсіретін. Яғни парасаттылық сөзін тыңдата білу біз үшін үлкен өнеге, әрі тәрбие мектебі болды.

Мұстафа Матайұлының өз балалары мен студент-шәкірттеріне беретін тәрбиесінің айырмашылығы жоқ болатын. Отбасы тәрбиесі жөнінде «отбасы да өз алдына бір мектеп, отбасын құрған әр адам өзі үйрене жүріп, балаларына үйретеді» деген тұжырым жасайды. Өз ұрпағына тілегенді басқаға да тілейтін.  Осының бәрі ұмтылмас ұлағат екен ғой.

Ұжымдағы әрқайсысымыздың отбасымыздағы жағ­дайды, бала тәрбиесіне көңіл бөлуімізді, қате­ліктерге бой ұрмауымызды қадағалап жүретін. Кафедрадағы оқытушылардың ғылым жолына түсуіне отбасындағылардың кедергі болмауына өзі тікелей араласқан кездері болды. Кафедраның «күйеу балаларымен» жеке сөйлескенінің арқасында қыз-келіншектер өз уақытында ғылыми атақтарын алып, бүгін нанын жеп отыр. Қасындағылардың, шәкірттерінің кішкене жетістігін, ілгері ұмтылысын жан-жаққа жариялап, өскелең жастардың шығар биігін өз деңгейімен тежемей, алдағысын болжап жөн сілтеуі философ ретіндегі ұлағаты болатын. Керісінше, өмірді түсінуде өздерінен асқан жан жоқ деп қарайтын, түсінгенін басқаға түсіндіруді қор санайтын, артына ерген бір шәкірті жоқ «философтарды» да кездестіріп жүрміз. Жақын тұтқан жандарды «конкурент» ретінде өсуін қызғанбай, оған қуанып, қолдап, жөн сөзбен демеудің керемет рахат сезім екенін түсінудің бақытын да ағамыздан мұра еттік.Бүкіл өмірін ұрпақ тәрбиесіне арнаған Мұстафа Матайұлының «мен өмір бойы алдыма талапты жас келсе екен, оны ілгері қарай жетелей берсем екен, мамандығын түгел игерумен қатар, әрбір ұғымға үңіле түсуге үйретсем, дағдыландырсам, ұғымның тұңғиығына тереңдей түссе, әр қырынан жарқыраса, ойлы жастардың қатары көбейсе деп тілеймін», – деген ұстаздық ұстанымы әрқашан өзекті.

Пайым-парасатымен талайымыздың көзімізді ашқан ұстазымыздың ұлағаты мен ұстанымы бізбен бірге. Тек соны толық пайдалана алмай жүргендейміз.

Наурызбай БАЙҚАДАМОВ,

облыстық мәслихат төрағасы, тарих ғылымдарының кандидаты

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: