Сәрсенбі, 25 желтоқсан, 12:41

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№101 (2111)
24.12.2024
PDF мұрағаты

Ұстазы біліммен баптаған, Шәкірті жадында сақтаған…

25.11.2020

2103 0

Өскелең ұрпақтың кемел келешегі үшін білім нәрімен сусындатып, жас шәкірттің кеудесінде ақыл-білімнің отын жағуда ұстаздар қауымының үлесі мол. Тарыдай болып келгеннен, таудай болып кеткенге дейін олар шәкірт бойына ілім-ғылымды үздіксіз құяды. Баланың баянды болашағы үшін өмірдің оңы мен солын үйретіп, білімнің қайнар көзімен сусындатуда мектептің алар орны ерекше. Мектеп қабырғасында өткізген 11 жылында ұстаздар баланың зерек болып өсуі үшін аянбай еңбек етеді. Ал жас ұрпақтың ұстаз артқан үмітті ақтауы уақыт еншісінде. Шаһардағы мақтаулы білім ордасының бірі – Ғани Мұратбаев атындағы №171 орта мектеп. Іргетасы 1958 жылдың 4 қарашасында қаланған білім ордасының тарихы тереңде жатыр.

Мыңдаған шәкіртті түлетіп ұшырған байырғы білім ордасы Ғани Мұратбаев мектебі шежіреге толы. 1958 жылы 4 қарашада жаңа ғимараттың ашылу салтанаты болып, Қызылорда қаласындағы мектеп қатары ұлғайды. Оған №6 мектепті көшіріп, мектепке «Октябрь революциясы» атауы берілген. Кейінгі уақытта мектепке Тұрар Рысқұлов есімі берілсе де №6 мектеп-интернаты аталып кеткен. Содан кейін Комсомолдың 40 жылдығына орай мектепке Коммунистік Жастар Интернационалының қайраткері Ғани Мұратбаевтың есімі берілген.

Білім ошағының қызметі жаңалыққа жаны құмар, білгенін өзгеге үйретуді мақсат еткен Жанәбіл Нұрмановтың басшылығымен басталған. Кейін мектепті ағартушылыққа зейін қойған жандар, яғни қарт ұстаз Қайырбай Әшімов, Социалистік Еңбек Ері Рыскүл Махатова, Республикаға еңбегі сіңген Әділбек Айзонов пен Мариям Хусайынова сынды ұстаздар басқарған. Сондай-ақ бұл мектепте білікті математиктер Жақия Төлепов, Әділбек Айзонов, Запия Байқасынова және қазақ тілінің жанашырлары Балқия Жарқынбаева, Бақытжан Айтмамбетова, Меңдияр Киікбаев есімді ұстаздар қызмет еткен.

Осындай білікті ұстаздардан тәлім алған шәкірттер қатарында ғылым докторы Байзақ Момынбаев, ғылым кандидаттары Алтынбек Ерназаров, Ұлжан Жаңбыршиева, Ғабит Серікбаев, Марат Тобашев, Боранбай Түрбаев, Жібек Әбілдаева мен Әнипа Тапаловалар бар.

Қаланы көркейткен түлектер

Өткен ғасырдың еншісінде бұл мектептің тарихын байытқан оқиғалар қатары аз емес. Мәселен, білім ордасын Мейірхан Байқасынова басқарған уақытта мектептегі В.И.Ленин мұражайы республикалық дәрежеде марапатталған. Одан кейін мұражай қабырғасында көпке үлгілі азаматтармен талай кездесу өткен.

Ал мектепті 1976-1977 оқу жылдары бітірген түлектер облыстық комсомол комитетінің нұсқауымен «Кітап пен қалақты қатар ұстап!» үндеуімен қаланы көркейту мақсатында құрылысқа аттанған. Сара Ысқаққызы жетекшілік еткен сыныптың оқушылары құрылыста өздерін биіктен көрсетті. Нәтижесінде сол сыныпта оқыған үздік оқушының бірі Ләззат Балатайқызына екі жылдан соң облыстық комсомол комитеті Мәскеудегі Жоғары комсомол мектебіне оқуға жолдама берді.

Білім ордасы бүгінде

Бұл күндері мектепте білікті басшы Бекзат Сағындықұлы директорлық қызмет атқарады. Жас шәкіртке 55 мұғалім, оның ішінде «Жоғарғы санатты» 4, «І санатты» 8 және «ІІ санатты» 4 ұстаз қызмет етеді. Одан бөлек 590 оқушы білім алатын алтын ұяда 23 педагог-зерттеуші, 5 педагогсарапшы мен 3 педагог-модератор бар.

Ұстазы біліммен баптаған, Шәкірті жадында сақтаған...

─ Өткен оқу жылында 11 сыныпты 11 оқушы тәмамдаған. Оның ішінде 8 оқушы мемлекеттік грантты жеңіп алса, 3 оқушы ақылы түрде оқуға түсті. Оқушыларымыз өткен оқу жылында түрлі республикалық, облыстық және қалалық жарыстардың жүлдегері атанды. Сондай-ақ мектепте инклюзивті сыныптың ашылуы мен биология кабинетінің жасақталуы ─ жақсы жаңалықтар қатарында. Алдағы уақытта мектеп аумағы үлкейіп, жаңа құрылыс бастау жоспарға енді. Жоба аяқталған сәтте мектепке тағы 200 орын қосылып, заманауи спорт зал мен асхана іске қосылады, ─ дейді мектеп директоры Бекзат Сағындықұлы.

Таланттар түлеп ұшқан

62 жыл тарихы бар мектептен қанша түлек үлкен өмірге аттанды. Өзі қалаған мамандықты меңгеріп, қызметте абыройлы болғандар аз емес. Жалпы бұл мектептен шыққан талантты шәкірттер қатары көп. Соның бірі де бірегейі ─ «Қазақстанның құрметті журналисі» Болат Омарәлиев.

Сондай-ақ Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, актриса Ғазиза Әбдінәбиева да Ғ.Мұратбаев атындағы мектептің 1966 жылғы түлегі. Мектептен кейін Қазақ Ұлттық Консерваториясының «актерлік шеберлік» факультетін тәмамдаған Ғазиза Мәкешқызын талай қазақ көгілдір экраннан тамашалағаны рас.

Жеңіске құмар мектеп

─ Мектебіміз білімдік және спорттық жарыстардан жүлдесіз қалып жүрген жоқ. І санатты қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Салима Үсенованың шәкірттері республикалық олимпиадалардың, шығармашылық жарыстардың жүлделі орындарын иемденіп жүр. Мектептің биология пәнінің мұғалімі Анар Рүстемованың оқушылары олимпиаданың облыстық, қалалық кезеңінде және ғылыми жоба қорғаудан жүлдегер атанып жүр, ─ дейді директордың бейінді оқыту ісі жөніндегі орынбасары Мөлдір Әбдіқалиқызы.

Үздік ұстаздар қатарында 32 жылдық еңбек өтілі бар Светлана Әлиакбарқызы бар. Физика және математика пәні мұғалімі бірнеше рет облыстық білім басқармасының «Құрмет грамотасын» иеленсе, шәкірттері оқу-білімде үздік болып «Алтын белгі» иегері атанған. Ал бастауыш сынып мұғалімі Фарида Файзуллаева ҚР педагогтарының «Алтын төсбелгісімен» марапатталған. Ағылшын тілі пәнінен сабақ беретін Гүлнар Жұмабекқызына 32 жылдық еңбек өтілінде білімді шәкірт тәрбиелегені үшін ҚР БҒМ-нің «Құрмет грамотасы» табысталып, шет тілін сүйетін талай жасты жетістікке жеткізген. Орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Алмагүл Бақытқызының да оқушылары олимпиадаларда жүлделі орындарға ие болса, ұстаздың өзі Украинадағы И.Франко атындағы Житомир Мемлекеттік Институтының 100 жылдығына орай төсбелгімен және білім және ғылым министрінің «Құрмет грамотасының иегері». Тарих пәнінің мұғалімі Бахыт Насырованың оқушылары республикалық олимпиаданың кезеңдік жарыстарында құқық пен тарих пәнінен жүлдегер атанса, мұғалімнің өзі республика көлеміндегі олимпиадалардың жеңімпазы.

Аталған ұстаздардың шәкірттері шығармашылықта да, спорт саласында да үздіктер қатарында.

Бастауыштағы білікті ұстаз

Мектепте біліктілігі мен тәжірибесі мол ұстаздар қатары аз деуге әсте келмейді. Өз өмірін балаға білім беруге арнаған ұстаздар қатарында Шакижамал Есжанова бар. Ол бұл мектеп қабырғасына қызметке 1989 жылы келген және әлі күнге дейін осы білім ұясында бастауыш сыныпқа сабақ береді. «Әліппенің» қайта енуін асыға күтіп жүрген ұстаздың алдыңғы шәкірттері бүгінде азамат болып ер жеткен. Олардың қатарында ұстаздың жолын қуып, бүгінде мұғалім атанған Бақыт Сейтмембетова сынды жандар бар.

Ұстазы біліммен баптаған, Шәкірті жадында сақтаған...

Бала кезінен мұғалім болуды армандаған Шакижамал Әубәкірқызы ұстаздық еңбек жолында түрлі өзгерістерді көрген жан және әлі күнге дейін ізденіс үстінде жүреді. Жаңартылған бағдарламаларды меңгеріп, заман ағымына ілесуді көздейтін ұстаз бүгінде зейнет жасына да жақындап қалды. Ұстаздық жолды шын жүректен сүйетін жанның еңбек жолында болған қызықтары да аз емес.

─ Ол кезде қаланың шетінде, Титовта тұратын едік. Айтмағамбет деген ағамыз біздің мектепте «завуч» болып қызмет ететін. Алыстан қатынайтынымды біліп, менің сабағымды 2-3 сабақтарға қойып қоятын. Бір күні белгілі бір себеппен менің сабағым бірінші болып қойылған екен. Ал ол кісі кешігу дегенді жек көретін жан еді, сол үшін таңертең әр сыныптың сыртынан тыңдап тұратын. Мен әдеттегіше автобус күтіп, сабаққа аздап кешігіп қалдым. Сол кезде менің Динара деген оқушым ағайдың қылығын біліп, тақтаға шығып алып дауысымды салып сабақ түсіндіріп тұрған. Менің де кабинетке кіргенім сол еді оқушы: «Апай, завуч тексеріп жүр, тездетіңіз» дегені бар, ─ деді өткенді еске алып жымиған ұстаз.

Мамандығын сүйіп таңдаған ұстаз еңбек жолында қанша қиындықтар болса да қызметін ауыстыруды ойламаған. Керісінше мектеп табалдырығын енді аттаған бала оқушының дана оқушы болуы үшін үздіксіз қызмет еткен. Міне, енді зейнет демалысына шығатын күннің де ауылы алыс емес.

Кітап білім бұлағы

Оқушының кітапқа деген қызығушылығын арттыруда мектеп кітапханасының ұпайы көп. Бүгінде осы мақсатта кітапханада 9968 көркем әдеби және 10295 оқулық мектеп оқушыларына ұсынылған. Онда «Көркем әдебиет», «Сырдария» мен «Мәдени мұра» секілді арнайы бұрыштар қарастырылған. Сонымен қатар жоғары сынып оқушыларына ҰБТ-ға дайындалуға арналған арнайы кітаптар қарастырылған. Кітапханашы Айгүл Айтмағанбетқызы жас буынның кітапқа деген сүйіспеншілігін арттыру мақсатында арнайы жиындар, кездесулер мен басқосулар ұйымдастырып тұрады.

Ұстазы біліммен баптаған, Шәкірті жадында сақтаған...

─ Кітапқа сұраныс жоқ деп айта алмаймын. Мысалы, бастауыш сынып оқушылары ертегілер оқуды жақсы көрсе, үлкен сыныптағылар көбіне әлем әдебиетін оқиды. Енді заман ағымына сай өскелең ұрпақтың электронды кітапқа деген сұранысы жоғары, сол себептен біздің кітапханада да электронды кітаптар қарастырылған. Қысқасы, оқимын деп кітап іздеп келген оқырманның сұранысын қанағаттандыру үшін барлық мүмкіндік жасалған, ─ дейді кітапханашы Айгүл Жылқыбаева.

Рухани қазына сақтаушы кітапханада ерекше кітаптар аз емес. Сөрелерден кітап авторларының қолтаңбасы қойылған және мектептің тарихы, түлектердің естелікке сыйлаған кітаптары көп. Оларды оқитын оқырман да жоқ емес. Әсіресе Гүлжанат Жұмашева мен Ақерке Дәуренбек ─ кітапхананың тұрақты оқырманы.

Ерекше балаларға ерекше сынып

Қазіргі таңда бұл мектепте қолға алынған тағы бір бастама ─ инклюзивті білім беру. Яғни ерекше қажеттілігі бар балаларға жалпы білім беру үрдісіне толықтай енгізіп, қоғамға бейімдеу. Бұл үшін мектепте арнайы сынып бар. Ерекше балаларға жас маман Айнұр Санжарқызы сабақ береді. Павлодар мемлекеттік педагогикалық институтын қызыл дипломмен тәмамдаған мұғалім қазіргі таңда мектептегі қызметін бастап та кеткен.

Ұстазы біліммен баптаған, Шәкірті жадында сақтаған...

─ Инклюзивті білім беру бүгінгі қоғам үшін аса қажет. Қоғамдық өмірден шет қалмауы үшін және өмірге бейімделу үшін осындай сыныптар ерекше балаларға қызмет етеді. Оқушыларға коррекционды түзетудамыту сабақтары жүргізіледі. Ол үшін сынып дидактикалық материалдар және оқулықтармен толық қамтамасыз етілген, ─ дейді мектеп дефектологы Айнұр Жолдас.

Одан бөлек биыл мектептегі биология кабинеті сабақ жүргізуге қажетті арнайы құралдармен жабдықталған.

─ Жаңғыртылған сыныптың сабақ өткізуде ұстаздарға көмек беретіні сөзсіз. Мәселен, бұрындары балаларға адам дене мүшелері тек суреттер арқылы көрсетілсе, қазіргі таңда енді қолымен ұстап, көздерімен көре алады. Бұл құралдар оқушының жаңа тақырыпты жақсы түсінуіне септігін тигізеді, ─ дейді мектеп лаборанты Гүлімжаухар Сариева.

Карантиндегі мектеп келбеті

Әлемді әбігерге салған пандемия білім үрдісін өзгертіп, жаңа жүйе енгізді. Енді оқушылардың көбісі қашықтан білім алуда. Бұл мектепте де қазір бос тұрған сынып көп. Себебі сабаққа тек бастауыш сынып оқушылары келіп жүр. Білім ордасына оқушы мен ұстаздан өзгеге кіруге рұқсат жоқ. Санитарлық талаптар толық сақталған. Дезинфекциялық туннель, әр сыныпта антисептик, оқшаулау бөлмесі бар және барлығы бетперде таққан.

Ұстазы біліммен баптаған, Шәкірті жадында сақтаған...

─ Карантиндегі білім жүйесіне оқушылар толықтай үйренді. Олар қазір тәртіп пен сақтықты жадына сақтап алған. Қай сыныпқа қай сызықтағы жолмен кіретінін, қолды жуу мен бетперде тағу сынды сақтық шараларын қатаң сақтайды. Білім беру үрдісіне де әбден үйреніп қалды. Десе де індетті тезірек жеңіп, дәстүрлі білім беру жүйесіне көшкенді қош көреміз, ─ дейді бастауыш сынып мұғалімі Гүлназ Тынышбекқызы.

Аслан НҰРАЗҒАЛИ

(суреттер автордыкі)

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: