Жұма, 27 желтоқсан, 06:18

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№101 (2111)
24.12.2024
PDF мұрағаты

Жайлы мектептің саны артады

10.02.2024

1299 0

Сурет: Н.Нұржаубай

«Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында өңірде 12300 орындық 21 мектеп салынады. Өткен жылы 10 мектептің іргетасы қаланса, биыл 11 мектептің құрылысын бастау жос­парлануда. Бұл ретте облыстағы 6 апатты мектептің 4-нің мәселесі жоба аясында шешімін тапса, қалған 2 мектеп «Білім беру инфақұрылымын қолдау қоры» мен жеке инвестор есебінен шешілуде. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қыз­метінің ақпарат алаңында облыстық білім басқармасының басшысы Асқарбек Есжанов хабарлады.

– Жарқын болашақтың кепілі саналатын балаларымызға сапалы білім беру –  күн тәр­тібіндегі негізгі мәселенің бірі. Осы ретте аймағымызда мектепке дейінгі білім беруде 680 ұйым жасақталған болса, онда 57 мыңнан астам бала тәрбиеленуде. Бұл білім беру ұйымдарында 6160 педагог жұмыс істейді. Мұғалімдердің біліктілігін арттыру мақсатында Оқу-ағарту министрлігімен бірлесіп, облыс бойынша педагогикалық шеберлік орталығы филиалының базасында 120 жекеменшік мектепке дейінгі ұйымдардың педагогтері ақысыз курстардан өтті. Биыл да педагогикалық шеберлік орталығы тарапынан оқытылатын барлық курсқа бірінші кезекте жекеменшік ұйым мұғалімдері жіберіледі, –  деді басқарма басшысы.

Облыста барлығы 328 мектеп жүйелі жұмыс істеуде. Оның 297-і мемлекеттік болса, қалған 31-і жекеменшік мектеп. Мұнда барлығы 181 804 оқушы білім алады. Осы ретте оқушылардың сапалы білім алуы үшін білім ордалары заманауи талапқа сай жабдықталуы аса маңызды. Бұл бағытта биыл құны 2,8 млрд теңгені құрайтын 7 мектеп күрделі жөндеуден өтеді. Оның алтауы Қызылорда қаласында болса, біреуі Жаңақорған ауданында.

– Бүгінде қаланың сол жағалауынан 400 орындық физика-математика мектеп-интернатының құрылысы жүр­гізілуде. Бұған қоса, «ҚазГерМұнай» компаниясының қаржылай қолдауымен 350 орындық заманауи бағыттағы Оқушылар сарайының құрылысы да салынуда. Биыл шығармашылық академиясының құрылысын бастауды жоспарлаудамыз. Сонымен қатар Жаңақорған және Шиелі кенттерінен 200 орындық оқушылар үйі мен 50 орындық өнер мектебі құрылысына сметалық құжаттар әзірленуде. Биыл құрылыс жұмыстары басталып, 2025 жылы халық игілігіне беріледі. Бұдан бөлек, Шиелі ауданы Бәйгеқұм ауылынан 200 орындық тынығу лагері,  Қазалы ауданында «Шағала» балаларды сауықтыру демалыс орталығының аумағынан 160 балаға арналған жатын ғимараты, оқу ғимараты және бу қазандығы құрылысының жобалары әзірленеді, –  деді басқарма басшысы.    

Ақжан БАХЫТБЕК,

Қорқыт ата атындағы

Қызылорда университетінің студенті

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: