Бейсенбі, 26 желтоқсан, 00:39

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№101 (2111)
24.12.2024
PDF мұрағаты

Жаңарған мектептің жетістігі аз емес

12.12.2020

3822 0

Әлемде білім саласына баса мән берген мемлекеттердің экономикасы қарыштап дамып, аз жылдың ішінде толағай жетістіктерге жеткендігін көріп, біліп жүрміз.  Біздің елімізде де ғылым-білім саласына аз көңіл бөлініп жатқан жоқ. Мұны мектептердің заманауи техникалармен жабдықталып, мектеп басшылығына іріктеуден өткен іскер директорлардың келуінен-ақ байқауға болады.

Жаңарған мектептің жетістігі аз емес

Әңгімемізге арқау еткелі отырған білім шаңырағы қалада орналасқан №43 Жақыпбек Махамбетов атындағы қазақ орта мектебі. Бұл білім беру ошағы 1987 жылы пайдалануға берілді. 1934 жылы «Кооператор» атындағы жеті жылдық мектеп болып ашылады.

– «Кооператор» колхозы  жақсы көрсеткіштерімен аты шыға бастаған шаруашылық болатын. Қала  іргесіндегі ауыл ауданда бірінші болып күріш егуді бастап, одан мол өнім өндірді. Ауыл мәдениеті жақсарып, жаңа ғимараттар, тұрғын үйлер бой көтерді. Міне, ауылдың өз күшімен салынған жаңа жетіжылдық мектеп те сол жылдардың жемісі болатын, – деп еске алады мектеп ардагерлері.

Адамның өмірдегі ең ұмытылмас, есте қалар сәттерінің бірі – мектепте өткізген кезеңі. Мектеп оны асыл қасиеттерді қастерлеп, өмір заңдылықтарына үйретеді, сондықтан да адам өмірінің алтын бесігі – мектеп.

80 жылдық тарихы бар тәрбие ошағын түрлі білім саласына еңбегі сіңген ұстаздар басқарған. Тарихты парақтасақ, мектепке алғаш Асқар Меңліханов директор болған. Ұлағатты ұстаз мектептің қалыптасуына үлкен үлесін қосқан. Одан кейін Е.Байбосынов, осы мектептің түлегі Тұрсын Әділбекова, Съезбек Ахметов, Ұлболсын Маханова сынды білім беру ісіне атсалысқан ұстаздар басшы болды. Ал 2015 жылдан бастап білім ошағына Қазақстанның білім беру ісінің құрметті қызметкері Бақытжан Иманбердиева директор болды.

Жаңарған мектептің жетістігі аз емес

Ұстаздық – ұлы қызмет

Еліміздің жарқын болашағы болар жас ұрпаққа терең, мазмұнды білім беру мен ұлтын сүйер патриот азамат етіп тәрбие­леу – басты міндет. №43 Жақыпбек Махамбетов атындағы қазақ орта мектебінде әр ұстаздың жұмыс бағыты, іздену барысы, нәтижесі ерекше назарға алынған. Бірлесе істеген жұмыстың нәтижесі қалалық, облыс­тық, республикалық семинарлар мен  байқаулардан көрінеді. Білім ордасы 1176 оқушыға арналған. Мектеп ұжымының жыл бойы жасаған еңбегінің нәтижесінде қала басшысы «Үздік білім беру ұйымы» номинациясымен марапаттаған. Мектепте «Қабілет» шығармашыл мұғалімдер орталығы бар. Ол орталық «Таным», «Жан айнасы», «Қабілет, «Зерде», « Ізденіс» деп бес топқа бөлінген. Әр топтың өзіне тиесілі жұмысы бар. Яғни ұстаздар бұл орталықта өздерін қызықтырған жобалармен айналысады. Сон­дай-ақ мектепте республикаға танымал ұстаздар да еңбек етеді. Оның ішінде биология пәнінің мұғалімі Паридаш Шайықова бар. Оның шәкірттері ҰБТ-дан төмен балл жинаған емес. Паридаш Шайықова тәрбиелеген оқшуылар бүгінде түрлі жоғары оқу орнына грантқа оқуға түссе, бір топ шәкірті Назарбаев атындағы зияткерлік мектебінде білімдерін жалғастыруда.

Білім ордасында математик Бақыткүл Карбозава еңбек етеді. Ол оқушы­ларды із­денім­паздыққа тәрбие­­лей­ді. Бү­гінде ол тәрбиелеп қанаттан­дырған оқушы­лар жоғарғы оқу орын­дарында білім алуда. Айта кететін болсақ, 2015 жылы екі оқушысы  Ақерке Ерман, Нұрлан Сапабек «Алтын белгімен» бі­тірген. 2016 жылы үш оқушысы Халифа Сейтхан, Бейбарыс Гүл­айым Дәулет Төлен «Алтын белгі» иегерлері атанды. Диас Құрбан олимпиада жүлдегері. Бахыткүл Сәдір­қызы Қызылорда қаласы­ның әкімдігі, қалалық білім бөлімінің  тәуелсіз еліміздің кемел тұлғасын қалыптастыруда жас ұрпаққа сапалы білім мен саналы тәрбие беруде үлес қосқаны үшін «Құрмет грамотасымен» марапатталған. Қызылорда қаласының әкімінің арнайы «Алғыс» хатына ие болған беделді ұстаз.

Жаңарған мектептің жетістігі аз емес

Үздік мұғалімнің бірі Айгүл Қаршығаева қалалық білім бөлімінің «Құрмет грамота­сымен» марапатталса, тарих пәні мұғалімі Бақыт Ахметова және қазақ тілі пәнінің мұғалімі Жұлдыз Джелдербаева қалалық білім бөлімінің кәсіподақ комитетінің ұйым­дастыруымен  «Қамбаш» сауықтыру орталы­ғына жолдама алған. Математика пәні мұғалімі Ж.Қасымова Қызылорда қаласының 200 жылдық мерейтойы аясында «білім саласына қосқан үлесі үшін» төсбелгісін алса, химия пәні мен физика пәнінен дәріс беретін Қалмас Алтынбаев, Рабиға Сүлейменова облыстық білім бөлімінің «Құрмет грамотасымен» марапатталған. География пәнінен Қарашаш Жалбырова мен математика пәнінен Анар Дәлкенова оқушылардың биіктен көрінуіне өз үлестерін қосқан майталман ұстаздар.

Сонымен қатар тарих пәнінің мұғалімі Нұргүл Нұрылдаева үнемі ізденіс жолында жүретін ұстаз.

Нағыз ұстаз болу – бақыт әрі абырой. Шындығында, мұғалім болу оңай болып көрінгенмен, ал нағыз ұстаз болу екінің бірінің қолынан келе бермесі анық. «Ұстазды алтын діңгекке теңер едім», – деп ұлы педагог Ыбырай Алтынсарин айтқандай, ұстаз жолы қиыншылығы мен рахаты бір басқа жетерлік мамандық атаулының ұлысы. Мектептегі мақтаулы ұстаздың бірі орыс тілі пәнінің мұғалімі – Анар Күзембаева. Оның осы уақытқа дейін тәрбиелеп, білім бер­ген оқушылары жо­ғарғы көр­сет­кішке қол жет­кізіп жүр. Шәкірт­терін білім нәрімен сусын­датып, тәлім-тәр­­бие беру, жақ­сы қасиет­терді бойына дарытып, адам­гершілікке тәрбиелеуде Анар апайдың еңбегі зор.

Жаңарған мектептің жетістігі аз емес

– Өздеріңізге белгілі пандемия әлемде болып жатқан құбылыс. Ол мемлекеттерге оңай тиіп жатқан жоқ. Ал бұл өз кезегінде білім саласында айналып өтпеді. Қазір барлық жерде онлайн жұмыс, онлайн сабақ жүріп жатыр. Ал онлайн сабаққа бір отбасының шамасы жетсе, енді бірінің тіптен ұялы телефон алуға шамасы жетпейді. Тіпті бір отбасының 4-5 баласы мектепте білім алатынын ескерсек жағдайы тіптен қиын екенін білуге болады. Біз осының бәрін саралай келе тұрмысы төмен отбасыларға мектепте тұрған компьютерлерді үлестірдік. Ал жетпегендерге әр мұғалім өз еркімен арнайы планшеттер табыстадық. Бүгінде онлайн білім беру біздің мектепте жақсы жолға қойылып отыр. Мектепте кезекші топтарда карантин талаптарына сәйкес білім алуда, – дейді мектеп директоры Бақытжан Алиарыстанқызы.

Оқушы жетістігі мұғалім мәртебесін көтереді

Жаңарған мектептің жетістігі аз емес

Білім ордасында оқу­­шылардың да жетіс­тігі аз емес. Мұн­дағы ұстаздар оқу­шылармен тығыз байланыс жа­сай бі­леді. Нәтиже­сінде олар респуб­ликалық, облыстық ғылыми жо­баларда топ жа­рып жүр. Респуб­ликалық «Құлақтан кіріп бойды алар, әсем ән мен тәтті күй» атты Абай оқуларының жасөспірімдер арасында «Көркем сөз» номинациясы  бойынша Наргиза Қуанышбай ІІ дәрежелі дипломмен марапатталды. «Эрудит» интеллектуалды білім порталының ұйымдастыруымен рес­публикалық «Көркем жазу – өнер» атты байқауға 6-сынып оқушысы Сағи Медетбек қатысып, жүлделі ІІ орынға ие болды. «Мен сені сүйем – Қазақстан» байқауына 9-сынып оқушысы Өмірсерік Смайлов жүлделі І орынға ие болды. Сымбат Жарылқасын «Мағжан шығармаларының құрылымдық ерекшеліктері» облыстық «ORDA-JUNIOR-2016» атты дарынды оқушылардың үздік ғылыми жұмыстары байқауында ерекше қабілетімен көзге түсіп, «Ізденімпаз оқушы» номинациясын жеңіп алды. 2015 жылы «Фариза, Фаризажан, Фариза қыз» атты республикалық Ф.Оңғарсынова­ның өлеңдерін оқуда «Көркем сөз» номинациясы бойынша Нұрсұлу Сапабек ІІ орын, Асылзат  Кеңес ІІІ орын, Ботагөз Жұлдызбек ІІІ иеленген.

Жаңарған мектеп, қуанған шәкірт

Жаңарған мектептің жетістігі аз емес

Биыл мектеп орташа жөн­деуден өткен. Яғни ғима­раттың есігі мен терезесі ауысқан, сыртқы бейнесі қай­та жаңарған. Мек­тептің іші жап-жарық, жылы. Әр сынып бөл­ме­сіндегі пластик терезе­лер күн сәулесін молынан түсіріп, бөл­ме ішін нұрлан­дыра түскендей. Оқушы­лар да мәз-мейрам. Білім беру саласына ерекше көңіл ау­да­рып, қыруар қаржы бөлдірген жас ұрпақты қуантып, ұстаздарды риза қылған осы бір игі істің ұйытқысы болған сала басшыларына мектеп ұжымы алғыстарын білдіруде. Ел қамын ойлаған аға ұрпақтың осындай қамқорлығы мен мейірімін көрген бүгінгі шәкірт ертең ер жетіп, ел тізгінін алғанда игі істерді жалғастыратыны, жаңалықтың жаршысы болатыны сөзсіз.

«Ерекше балаға» қолдау бар

Жаңарған мектептің жетістігі аз емес

Мектептегі дефектология кабинетіне бас сұқтық. Бұл тілінде мүкістігі бар балалармен жұмыс жасайтын кабинет. Ондағы мұғалімнің жүзінен ерекше мейірім лебізін сездік. Онымен тілдесу барысында ұққанымыз өз саласына деген нағыз махаббаттың үлгісін көрдік. Балалармен тілегі де, жүрегі де бір екендігін аңғардық. Кабинет барлық керекті құралмен жабдықталған. Онда балалар тіл жат­тығуын жасайды. Мұғалімнің берген тапсырмасын орын­дайды.

Жаңарған мектептің жетістігі аз емес

Сынып жетекшілері оқушылар мен ата-аналармен, мектептегі қоғамдық ұйымдармен бірлесіп, түрлі тәрбиелік іс-шаралар өткізеді. Мектеп оқушылары мәдени спорттық іс-шараларға да белсене араласып, оң нәтижелер көрсетуде.

Жас ұрпақты біліммен қаруландырып, бәсекеге қабілетті етіп өсіруде еңбек етіп жатқан ұстаздарымыз әлі де талай қыранды баптап ұшыратыны сөзсіз.

Суреттерді түсірген

Нұрболат Нұржаубай

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: