Жұма, 22 қараша, 00:51

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№92-2102
19.11.2024
PDF мұрағаты

Жапондар көмегі

30.10.2021

1165 0

Жапонияның «Шөп тамыры» бағдарламасы арқылы аймағымыздағы әлеуметтік нысандар көмек алуда. Бөлінген гранттардың көмегімен қаламыздағы №1 мектеп-гимназиясы шатыры жөнделіп, №4 ІТ мектеп-лицейінде барлық есік-терезесі жаңартылды. Ал №176 орта мектеп ғимаратына заманауи пластик терезелер салынды.

Осы орайда жобалардың жай-жапсарымен жақынырақ таныспақ ниетпен Жапонияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Джун Ямада, атташе Томоя Ёкоэ мен «Шөп тамыры» халықаралық бағдарламасының үйлестірушісі Акира Мацумото Сыр еліне арнайы келіп, білім нысандарындағы атқарылған жұмыспен танысты.

Жапон елшісінің жұмыс сапары №176 орта мектебінен басталды. Грант бөлінгенге дейін бұл ғимараттың терезелері ескі әрі оқушылар үшін қауіпті болған. 2020 жылы «Шөп тамыры» бағдарламасы арқылы ұтып алған 50571 АҚШ долларына ғима-раттың барлық терезесі ауыстырылды. Делегаттарға мектеп тарихы мен атқарылып жатқан жұмыстар жайлы мектеп директоры Қадыркүл Шаймағанбетова айтты.

Мұнда оқушылар ән-жырдан шашу шашып, мектеп ұжымы естелік сыйлықтарын табыстады. Қалалық мәслихат депутаты Жорабек Нұрымбетов қала мектептерінің заманауи кейіпте жаңғыртылуына қолдау көрсетіп, балалардың жарық та жылы жерде алаңсыз білім алуларына жағдай жасағаны үшін ризашылығын білдіріп, қалалық мәслихат хатшысының алғыс хатын табыстады.

Мұнан соң Жапон елінің өкілдері №4 ІТ мектеп-лицейінде болды. Қайтарымсыз қаржылай көмек алған бұл білім ошағы 74983 АҚШ долларына ғимараттың барлық есік-терезесін жаңартқан. Елші ғимарат ішін аралап, атқарылған жұмысқа жақсы бағасын беріп, алдағы уақытта да бірлесе жұмыс атқара беретініне зор сенім білдірді.

Сонымен қатар Жапония елшісі Джун Ямада қаладағы №1 мектеп-гимназиясына барды. Қалтай Мұхамеджанов атындағы бұл мектеп күншығыс елі ұсынған гранттың көмегімен жаңа кейіпке енген. Атап айтар болсақ, 76550 АҚШ доллар қаржыға білім ұясының шатыры жаңартылды.

№1 мектеп-гимназиясында оқушылар қонақтарды жапон тілінде сәлемдесіп қарсы алды. Білім ордасының музейінде ғасырлық тарихпен танысты. Өз кезегінде облыстық білім басқармасының басшысы Ақзира Қасымова аймақтағы осындай әлеуметтік жобалар үшін Джун Ямадаға алғыс айтты.

− Мектептердің жөндеуден өтіп, жаңарғаны қуантады. Жапония үкіметінің «Шөп тамыры» бағдарламасы әлеуметтік саланы дамытуға оның ішінде білім беру саласына көп көмегі тиді. Қызылорда облысында білім беру және экология саласындағы бастамалар мен жобаларды іске асырғандарыңыз үшін алғыс білдіремін, − деді облыстық білім басқармасы басшысы.

Сала басшысы «Шөп тамыры» бағдарламасына тағы бір білім ошағы өз жобасымен қатысуға ниеттеніп отырғанын жеткізді. Қаламыздағы Тәкей Есетов атындағы №264 мектеп-лицейі балалар тасымалы үшін грант байқауында бақ сынамақ. Бұл – алдағы күннің жүйелі жоспары. Жоспар іске асып жатса тағы бір білім ордасында жаңашылдық жемісін бермек.

Тұрар ШАЙДУЛЛАҰЛЫ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: