Республика күніне орай Ғылым және жоғары білім министрлігі ұйымдастырған «Менің арманымдағы Қазақстан» атты эссе байқауының жеңімпаздары анықталды. Жүлдегерлер қатарында Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің ІІІ курс студенті Ердәулет Қалиев бар.
Байқау жеңімпаздарына Қазақстан Республикасының ғылым және жоғары білім министрлігінің атынан дипломдар табысталды.
– Эссе байқауы жастардың азаматтық сана-сезімін дамытуға, ел тағдырына қатысты сезімін және оның болашағы үшін жауапкершілікті тәрбиелеуге, шығармашылық әлеуетті жандандыруға, жастардың ұлттық сана-сезімін дамытуға бағытталған. Республика күні қарсаңында байқау жеңімпаздарын жоғары оқу орындарының ректорлары марапаттады. Сіздердің жұмыстарыңыз үздіктердің үздігі болып таңдалды. Марапаттарыңыз құтты болсын! Сіздерге сәттілік пен жетістіктер тілеймін! – деді ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі Қуаныш Ерғалиев.
Ердәулет Қалиев – Қорқыт ата атындағы Қызылода университетіндегі «Журналистика» мамандығының студенті және республикалық «Халық» газетінің тілшісі. Қоғамдық шараларға белсене қатысатын Ердәулет Сәрсенұлы осы кезге дейін XIV республикалық пәндік олимпиадада ІІІ орын, Қызылорда облыстық қоғамдық даму басқармасының «Қоғамдық келісім» КММ ұйымдастырған үздік ғылыми жобалар байқауында І орын, GoSkiLLz- әлеуметтік желілерге арналған сапалы контент өндіру мен нетворкингке ден қою тәсілдері семинар-тренинг аясында өткізілген байқауда жеңімпаз атанған.
Ал «Менің арманымдағы Қазақстан» эссе конкурсына Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің 235 білім алушысы қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде қатысып, байқау жүлдегерлеріне арнайы дипломдар мен бағалы сыйлықтар табысталды. Ал «Атамекен» тақырыбында өткен университетішілік диктантқа жалпы саны 1210 білім алушы қатысты. Орфографиялық заңдылықтарды сақтап, көркем жазумен ерекшеленген 20 студент үздік деп танылып, университет ректорының Алғыс хаты мен естелік сыйлықтарын иеленді.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!