Бала кезінен шәкірт тәрбиелеп, ұстаз болуды армандаған жандардың бірі – Жазира Тынымбек. Арманына қол жеткізген жас ұстаз қазіргі таңда Қызылорда қаласындағы Е.Әуелбеков атындағы №4 облыстық дарынды балаларға арналған мектеп-интернатында биология пәнінің мұғалімі.
Мектеп бітіріп, үлкен өмірге жолдама алған Жазира 2015 жылы Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетіне түсіп, «Биология» пәні мамандығын игереді.
Ал педагогика саласындағы алғашқы еңбек жолын 2015 жылы Астана қаласындағы «Нұрорда» халықаралық балабақшасында ағылшын тобы тәрбиешісінің көмекшісі қызметінен бастаған. 2016 жылдан бастап Қызылорда қаласындағы №4 облыстық дарынды балаларға арналған мектеп-интернатында биология пәнінен сабақ береді.
– Педагогикалық қызметті таңдағаннан кейін, ғылым мен техниканың дамыған заманында ХХІ ғасырдың есігінен еркін енетін, адамзаттың сәулелі болашағын жасаушы шәкірттерге білім мен тәрбие беру басты мақсатым. Дегенмен, мақсатқа жету жолында табанды еңбек етіп, білім мен тәрбие беруде кәсіби құзырлы маман иесі болуға жұмыс жасаудамын, – дейді Жазира Тынымбек.
Жазира өзінің жүрек қалауындағы мамандығы – ұстаздық саладағы білімін тереңдету үшін биыл жылы магистр дәрежесін алды. Педагогика саласында 8 жылға жуық табысты еңбек етіп келе жатқан жас ұстаз бүгінгі күні мектептің барлық қоғамдық, оқу-әдістемелік жұмыстарына, пәндік-циклдік комиссия жұмысына белсенді қатысады.
«Шәкіртсіз – ұстаз тұл» демекші, жас ұстаздан тәлім алған шәкірттер республикалық, облыстық, қалалық жалпы пәндер олимпиадаларынан жүлделі орындарды иеленіп, ұстаз үмітін ақтаған.
2021, 2022-2023 жылдары ҰБТ бойынша биология пәнін таңдаған шәкірттері 100% көрсеткішпен жоғары оқу орнына түсіп, грант иегері атанып, республикамыздың әр түкпірінде медицина, педагогика саласында білім алуда.
Табысты еңбегімен еленген Жазира Тынымбек білім берудегі қол жеткізген жетістіктері үшін облыстық білім басқармасы басшысының, Қызылорда қаласы әкімінің алғыс хатымен марапатталған. «Жыл үздігі – 2021» номинациясының, «Үздік авторлық бағдарлама – 2022» облыстық конкурсының І орын иегері. Сондай-ақ, 2021 жылы Өскемен қаласында өткен «Дарынды балаға – талантты ұстаз» республикалық байқауының І орын иегері атанды.
– Әр адам таңдаған мамандығын шексіз сүйгенде ғана үлкен табыстарға қол жеткізе алады. Сондықтан да мамандығын сүйген адам оны үнемі дамытуға, жетілдіруге ұмтылады. Мен де өзім бала кезімнен армандаған ұстаздық салада еңбек етіп, осы саланың гүлденуіне өзімше үлес қосқым келді, – дейді жас ұстаз.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!