ЖИ дәуірінде адам өз бетінше ойлану, қайта оқу қабілетін сақтап қалуы тиіс. Бұл туралы Парламент Мәжілісінде жоғары білімді кадрларды даярлау тақырыбына арналған Үкімет сағатында депутат Асхат Аймағамбетов мәлім етті, – деп хабарлайды KAZINFORM
— Ескі модель қандай еді? Оқытушы білім береді, студент оны емтиханда дәлелдейді, диплом алады, жұмысқа тұрады. Енді, бұл логика үзілді. Бүгін студент ЖИ-дің көмегімен үш минуттың ішінде кез келген дипломдық жұмыстан артық бизнес-жоспар немесе талдау жасап алады. Ендігі құндылық — ЖИ-дің қолынан келмейтін әрекетте, яғни таза адами құзыреттіліктерде. Сондықтан біздің бір қарағанда оғаш көрінетін тұжырымым мынандай: ЖИ дәуірінде университет нақты мамандықтарға қамалып қалмай, іргелі және гуманитарлық бағытты күрт күшейтуі керек – «Философия», «Социология», «Тілдер», «Логика», «Этика».
Ашығын айтқанда, біз бұл пәндерге «балласт» ретінде қарауға үйреніп қалғанбыз. Жоғары оқу орындары профильдік сағаттарды көбейту үшін осы пәндерді қысқартып жатыр. Бұл — стратегиялық қателік! Қараңыздар, бұрын бағдарламалау үшін Python тілін білу керек болса, бүгін «вайб-кодинг» заманы келді. Сіз мақсатты қарапайым тілмен сипаттап бересіз, ал ЖИ дайын кодты өзі жазып береді. Сондықтан енді сапалы промпт жазу үшін мәселенің мәнін түсіну, контекст пен оның салдарын көре білу қажет, — деді Асхат Аймағамбетов.
Оның пайымынша, бұған тек іргелі гуманитарлық білім ғана үйретеді. ЖИ компанияларының осындай гуманитарлық білімі мықты мамандарды көптеп жалдауы да тегін емес: олар сұрақ қоя біледі, сыни тұрғыдан ойлайды және мәселеге кеңінен қарайды.
— Қазіргі университеттің ендігі басты міндеті — тек жұмысқа дайындау емес. Ол мамандықтар тез ауысатын, көп дүние автоматтандырылған әлемде өмір сүруге дайындауы тиіс. Адам өз бетінше ойлану, қайта оқу және өмірдің мәнін таба білу қабілетін сақтап қалуы тиіс, — деді депутат.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
